20.11.2020, 14:40

Коронавирус жұқтырған кезде мүлде жеуге болмайтын тамақтар мен сусындар

Коронавирустан адам ағзасы кемі 6 айдан кейін қалпына келетін болғандықтан, тамақ рационыңыздан  ауыр, майлы, құрамында дәмдеуіштері көп тағамдарды алып тастаңыз.

Коронавирус инфекциясы кезінде көп адамның иіс сезу және дәм сезу қабілеттері төмендеп немесе мүлдем жоғалып кетіп жатыр. Дәрігерлер ағзаның бұл күйі мидың өзін қорғау функциясы екенін айтуда. Инфекция адам бойынан кеткен соң, рецепторлар ары кетсе 1 ай ішінде бұрынғы қалпына келеді. 

Коронавирус кезінде және одан жазылып шыққаннан кейін тамақ рационыңызды ауыстыруға тура келеді. Себебі, вирус адам иммунитетін әлсіретіп, өкпе, бауыр фиброздарын тудыруда. Одан бөлек, КВИ-ден соң көп науқас асқазан-ішек аурулары мазалап жүргенін айтып, шағымданған. 

Azattyq Rýhy тілшісі диетолог Арай Әміремен тілдесіп, адам ағзасында дәрумен жетіспеушілігінің белгілері қандай, коронавирус кезінде қалай дұрыс тамақтану қажет екенін білді. 

- Коронавирус инфекциясының кесірінен тәбеті жоғалған адамға қандай тағам жеу қажет?

 - Коронавирустың ауыр түрін өткеріп жатқан науқастар реанимацияда немесе стационарда ем алады. Дәрігер науқастың анализ қорытындысына қарай парентералды тамақтану белгілейді, яғни, қай кезде аминқышқылы мен көмірсулар қажет, қант пен май тамыр арқылы егіледі. Ал егер адам үйде емделіп жатса, майлылығы төмен сорпа, ұнтақталған ботқа мен шөп қайнатпалары, жидекті, лимон қосылған шай, жемісті қайнатпалар, компот, морс ішу қажет. Шайға және морсқа қант қосып, ағзадағы глюкоза тапшылығын қалыпқа келтіруге болады.  

Коронавирус кезінде тәбетіңіз жоғалып кетсе итмұрын тұнбасын ішкен жөн. Итмұрын құрамында иммунды жүйенің жұмысын жандандыратын С дәрумені бар. Ешкімді күштеп тамақтандыруға болмайды. Ең бастысы, науқас көп мөлшерде су ішуі керек. Бұл ағзада дегидратация болуы мен су-электролитті тепе-теңдігінің сақталуына көмектеседі. Сондай-ақ, сұйықтық адам ағзасында вирустың өмір сүруіне қажетті азық-түліктерді, токсиндерді алып кетеді. Нәтижесінде, интоксикация синдромы мен дене температурасын төмендетеді. 

Қарт адамдарға көбінде тауық сорпасын берген дұрыс. Егер тамаққа мүлдем тәбеті тартпаса, регидрон сұйықтығын қасықтап әрбір 10 минут сайын беріп отырса, жақсы көмектеседі. 

- Қандай азық-түліктерді пайдаланған жөн? 

 - Коронавирус кезінде де, одан кейін де адам тамақтанып жүрген рационын міндетті түрде өзгертуі қажет. Қазір дәрігер мамандар КВИ-ден жазылып шыққандарға Певзнер бойынша №2 немесе №15 диета түрін ұсынып жатыр. Әдетте, бірінші диета түрі гастрит, асқазан жарасы және асқазан-ішек жолдары аурулары кезінде ұсынылады. №15 диетаны ерекше рационды немесе қатаң тамақтану режимін ұстануы міндетті емес науқастарға жазамыз. 

Мүмкін болса, коронавируспен ауырғандар күн сайын қарақұмық немесе сұлы ботқасын майлылығы төмен сүтке немесе суға қайнатып жегені жөн. Одан бөлек, тамақ рационында ақуызға бай жұмыртқа (қайнаған күйінде), майлылығы аз ірімшік, бұқтырылған көкөністер, жылқы, тауық еті, айран, шұбат, қымыз және жұмсақ жемістер. Тамақтар көбінде қайнаған немесе бұқтырылған болуы тиіс.  

Коронавирустан адам ағзасы кемі 6 айдан кейін қалпына келетін болғандықтан, тамақ рационыңыздан  ауыр, майлы, құрамында дәмдеуіштері көп тағамдарды алып тастаңыз. Ауруханада көп мөлшерде антибиотиктер қабылдаған науқастардың көпшілігі асқазан жарасы пайда болғанын айтуда.  Майлылығы төмен балық етін, жылқы еті мен күркетауық еттерін пайдаланыңыздар. 

Дисбактериоз, диареямен келіп жатқан науқастар саны да артты. Сондықтан дәрігердің тағайындауымен пре және пробиотиктер, кальций, темір, С, магний B6 дәрумендерін ішуге кеңес беремін. Коронавирус кезінде таза йогруттар, ақ өнімдерін көп ішу қажет. Өздеріңіз білетіндей, қымыз бен шұбат буын ауруларында, өкпе ауруына ұшыраған адамның қайта қалпына келуіне жақсы көмектеседі. 

 - Коронавирус кезінде мүлдем жеуге болмайтын тамақтар мен сусындар қандай? 

 - Тамақ рационыңыздан құрамында қатты талшықтар бар жаңа піскен көкөністерді, қорытылуы ауыр майлы қой етін алып тастаған абзал. Сондай-ақ, ащы, тұздалған тағамдар мен ұннан жасалған өнімдерден де бас тартуыңыз қажет. Нансыз тамақ жей алмайтындар тым құрыса, кептірілген нан жегендері дұрыс. Кофе, қызыл шай, алкогольді сусындар, газдалған тәтті сусындарды да ішуге тыйым салынады. Олардың орнына морс, қызылы аз қара шәй, минералды су ішкен жөн. Науқас қаншалықты көп су ішсе, интоксикация синдромы да тезірек өтетін болады. Су ішу режимін дәрігермен бір рет кеңесіп барып бастаған жөн. Себебі, бүйрек, жүрек-қан тамыр жүйесі ауыратын адамдарға ішетін су мөлшері шектеулі болуы тиіс.  

Қосымша аскорбин қышқылы, Р дәруменін дәрігерлер тағайындап жатады. Бұл дәрумендер адам иммунитетін нығайтып, қан тамырларының қалпына келуіне әсер етеді. 

Дәрумен тапшылығының белгілері:

Өзіңізге қандай дәрумен жетіспейтітнін мына белгілер арқылы білуге болады. Қолыңыз ұйып (немеют), аяғыңызда әлсіздік бар, жүрегіңіз қатты соғады, есте сақтау қабілеті төмен болса - тиамин және В1 дәрумені жетіспейді. Ол үшін рационға - үрмебұршақ, шпинат, қара нан, сәбіз қосу керек.  Егер, жиі тұмауратып, тісіңізде сызат (трещинка) пайда болса, депрессия, апатия жиі орын алса, сіздің ағзаңызға Д дәрумені жетіспейді. Ол үшін жұмыртқаның сарысы, треска бауырын, өсімдік майларын рационға қосу керек.  Аяқ астынан көңілсіздік пайда болып, ешнәрсеге күшіңіз болмай, әлсіздік басса, невроз жиі орын алса – пантотетонді қышқыл мен В3 дәрумені тапшылығы бар. Мұны қалыпқа келтіру үшін -  сиыр бауыры, жасыл бұршақ, үрмебұршақ болу керек.  Теріңіз солғын, тісіңіз жуған сайын қанайтын болса, салмағыңыз азайып, асқазаныңыз ауырса – фолий қышқылы немесе В2 дәрумен тапшылығы бар. Аталған сипаттамалар сіздің бойыңызда кездессе, түсті қырыққабат, ақжелкен, брокколи және тұздалған қырыққабатты рационыңызға қосыңыз. Егер, шашыңыз жиі түсіп, теріңіз құрғаса, бас айналуы пайда болса, онда сіздің ағзаңызға – В6 дәрумені немесе пиридоксин жетіспейді. Бұл дәрумендерді көбейту үшін –  жасыл бұршақ, бобы және тазартылмаған күріш жеңіз. 
Тегтер: коронавирус