29.06.2016, 03:23

Түркиядағы лаңкестік салдарынан 36 адам қаза тапты

Кеше түнде Стамбұлдың Ататүрік әуежайында болған лаңкестік оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 36 адамға жетті деп хабарлайды Reuters Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырымға сілтеме жасап.

Тағы ондаған адам жараланғандар есебінде. Ауыр жарақат алғандар да көп. Премьер-министрдің айтуынша, қаза тапқандар арасында шетелдік азаматтар да бар. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қайтыс болғандар мен жараланғандар қатарында қазақстандықтар жоқ.

Алдын ала болжам бойынша, үш лаңкес әуежайға таксимен келген. Олар өздерін жарып жіберместен бұрын бейбіт тұрғындарға қарата оқ атыпты.

Айта кетейік, лаңкестік оқиға кеше Астана уақытымен түнгі сағат бірлер шамасында орын алды. Қазіргі таңда әуежай жабылып, мүлдем ұшақ қабылдап жатқан жоқ. Жолаушылар мен қызметкерлердің барлығы қауіпсіз жерге шығарылған. Түркия билігінің айтуынша, қанды оқиғаның артында "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы тұр.