Nur Otan-ның орталық аппаратында партия саяси кеңесінің отырысы өтті.
Отырыстың қорытындысы бойынша үкіметтің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебі алдын ала мақұлданды, партияның жарғысы мен саяси доктринасына енгізілетін өзгерістер қаралды. Праймериздің 78 жеңімпазы енген мәжіліске арналған партиялық тізім, сондай-ақ, жұмыс органдарының құрамы мен партияның кезектен тыс XX съезінің күн тәртібі бекітілді.
Сонымен қатар, партияның соңғы 5 жылдағы қызметінің қорытындысы қаралды. Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның 234 қоғамдық қабылдау бөлмесі сайлауалды бағдарламаны бақылау мен "кері байланыстың" пәрменді тетігі болғанын атап өтті.
"5 жыл ішінде партияға шамамен 1,2 миллион адам жүгінді, оның 30%-і өтініштерін онлайн жолдады. Өтініштердің 92%-і бойынша оң шешім қабылданып, тегін кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілді", - деді Байбек саяси кеңестің отырысында.
Оның айтуынша, партия депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматты қабылдады. Өтініштердің 72%-і оң шешімін тапты, 28%-і бойынша түсіндірмелер мен қажетті кеңестер берілді.
Пандемияға қарамастан, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы онлайн форматта жалғасып, электронды түрде 339 мың өтініш қабылданған.
"Соңғы 5 жыл ішінде партиялық басты органдар түрлі мемлекеттік және партиялық органдарға 800-ден астам ұсыным әзірледі. Мәселен, партиялық бақылау комитетінің араласуымен 9,3 мың медицина қызметкеріне өтемақы төленді", – деп атап өтті Бауыржан Байбек.