Биыл жаңажылдық шырша орнатуға және Ақтау көшелерін безендіруге мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы, тәуелсіздік күні мерекесінен кейін қала көшелері безендіріле бастайды. Мерекелік декорацияға былтырғы шыршалар мен безендіруге арналған жылтырақтар, диодты элементтер, жарықтандыру құрылғылары қолданылады.
«Себебі, бұл заттар әлі жарамды. Жаңажылдық безендіру әшекейлерін қайта қолдану тиімді шешім болмақ. Үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар, халыққа аса қажетті, басым бағыттарға жұмсауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, қала әкімдігі кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен де қаланы безендіруді көздеп отыр. Әр ғимарат та өзінше сәндеп үлес қоса алады», - деді ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Алпысбай Таубаев.
Биыл Ақтау қаласы аумағында 15 шағынаудандағы амфитеатр алаңына, 4 шағынаудандағы «Астана» алаңына және Өмірзақ ауылына үш үлкен шырша қою жоспарланды. Аталған орындар нақты белгіленген жоқ.