Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне Қарғалы орта мектебінің бірнеше мұғалімі арызданған. Олардың айтуынша, ата-аналардың бірі педагогтарды балағаттап, абыройына нұқсан келер сөз айтқан, деп хабарлайды 24.kz.
Әйел сол мектепте оқитын баласына жоғары баға қоюды да талап етіпті. Құзырлы органдары жүргізген тексерістен кейін болған жағдай расталды. Соған орай әкімшілік іс қозғалып, жауапты азамат айыппұл төлеуге міндеттелді.
«Бізге түскен материалдардың барлығын мұқият тексеріп, аталған деректің орын алғандығына көзіміз жетті. Содан соң Әкімшілік кодекстің 409-бабына сәйкес іс қозғап, ол кісіге 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, 80 мың теңгеге жуық айыппұл салынды», - дейді облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жетекшісі Бұлбұл Күзембаева.