03.12.2020, 04:04

Жамбыл мектептерінде даладағы дәретханалар мәселесін шешуге 1,1 млрд теңге қарастырылған

фото: ult.kz
Республикалық бюджеттен 26,5 мың компьютер сатып алуға 4,1 млрд.теңге бөлінді.

Жамбыл облысында 285 мектептің дәретханалары аулада орналасқан  болатын. Жаңа оқу жылында облыстың барлық мектептері жылы дәретханалармен жабдықталды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұл мақсаттарға 1,1 млрд.теңге қарастырылғанын хабарлады.

Сондай-ақ, облыстың барлық мектептері бейнебақылау камераларымен жүз пайыз қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 41 мектепте турникеттер орнатылған. Оған жергілікті бюджеттен 179,7 млн.теңге бөлінген. Қалған мектептерде турникеттер орнату шараларын кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Келер жылы ондай құрылғыны облыс бойынша 70 мектепте орнату жоспарланған.

- 22 білім беру нысанының құрылысы мен қайта жаңғыртуға 10,7 миллиард теңге бағытталған. Оның ішінде 15 мектеп бар. Жыл басынан бері үш ауылдық мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 нысанның құрылысы аяқталады, - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" және "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде 43 мектеп күрделі жөндеуден, 53  білім беру мекемесі ағымдағы жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 8 млрд. теңге жұмсалды.

Коронавирс пандемиясына байланысты білім беру процесі үш түрлі форматта ұйымдастырылғаны белгілі. Шамамен 40 пайыз немесе 95 мың оқушы санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта оқуда.

"Бүгінде барлық күш - жігер балалардың сапалы білім алуына және оқу бағдарламасынан қалмауына бағытталған", - деді Б.Сапарбаев.

Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджет қаражатына 4388 бірлік компьютерлік техника сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 585 алу жоспарланған. Республикалық бюджеттен 26,5 мың компьютер сатып алуға 4,1 млрд.теңге бөлінді.

"Бұдан бөлек, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға 51 мыңға жуық компьютер мен 16 мыңнан астам роутер берілді", - деп толықтырды өңір басшысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ағымдағы жылы 40 мыңнан астам мұғалімнің жалақысын 25 пайызға арттыру үшін республикалық бюджеттен 20,6 млрд.теңге қаралған.