31 арнаның "Неге" бағдарламасына келген қонақтар эфирде жаға жыртысты. Белсенді Тазабек Сәмбетайдың сөздері журналист, саясаткер Ермұрат Бапидің шамына тисе керек, бірден жұдырық ала жөнелді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы stan сайтына сілтеме жасап.
Қоғамдағы өзекті мәселелерді қаузайтын "Неге?" қоғамдық-саяси ток-шоуына келген қонақтар эфир кезінде бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, төбелесе жөнелді. Жалпыұлттық социал демократиялық партия өкілі (ЖСДП) Ермұрат Бапи бағдарлама барысында өзіне қарсы шыққан Тазабек Сәметбайға су шашып, жағасынан ала түскен. Тіпті, бағдарлама қонағы теуіп жібермекші болғаны байқалады.
Ермұрат Бапидің "ЖСДП-ны 200 мың долларға сатып жібергені рас па" деген әңгіменің ақ қарасын айырып алмақшы болған Ерқанат Көпжасарұлы жаға жыртысқан екеуді әрең ажыратты.
Желіге жүктелген бағдарламаның анонсында Тазабек Сәметбай ЖСДП-ның сатылғанын сенімді түрде айтып, партия төрағасы болған Ермұрат Бапиді "саясатты базарға айналдырдың, саудагер, көпес" деп айыптайды. Бұл сөздер намысына тисе керек Ермұрат Бапи ашуға булығып, төбелес шығарған.
Бағдарлама жүргізушісі Ерқанат Көпжасарұлымен байланысқанымызда бағдарламаны соңына дейін көруді, асығыс шешім шығармауды сұрады. Сондай-ақ студияда орын алған жағдайға байланысты алып-қосары жоқ екенін жеткізді.
Жаға жыртысқан видео желіде тез тарап, оқырмандардың қызу талқысына түсті.
"Шын болсын, өтірік болсын үкіметте депутаттар осылай төбелесіп тұру керек. Мысық құсап ұйықтай бермей", "Бізде де Жириновский бар екен ғой", "Тікелей эфирде кішкене өздеріңді ұстасаңыдар қайтеді?!", Милиондаған халық көріп отыр", "Оскарсыз әртістер", - деп өз пікірлерін білдірді желідегі оқырмандар.