Ақмола облысы коронавирустың таралуы бойынша «қызыл аймақтан» «сары аймаққа» ауысты, деп хабарлайды облыстың ішкі саясат басқармасы.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина хабарлағандай, өткен тәулікте облыста КВИ-мен ауыратын 60 науқас тіркелді, оның 30-ы Көкшетау қаласына тиесілі. Алдыңғы аптамен салыстырғанда аурудың өсу көрсеткіші төмендеді. Инфекциялық стационарда 322 науқас ем алуда. Медициналық бақылаудағы үй карантинінде 1914 адам жатыр.
«Ведомствоаралық комиссияның ұсынымы бойынша осы апта ішінде эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізілетін болады. Ауру деңгейі тұрақты төмендеген жағдайда алдағы уақытта өңірдегі карантиндік шараларды жеңілдету мәселесі қаралады», - деп атап өтті Мусина.
Мониторингтік топтар жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта облыста карантиндік-шектеу шараларын түсіндіру және олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз ету бойынша 76 мониторингтік топ жұмыс істейді. 1 қазан мен 6 желтоқсан аралығында рейдтер 6 мыңға жуық нысанды қамтып, 521 бұзушылық анықталды, 800 айыппұл салынды.