Жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлері жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар немесе нөмірлерді өзгертуге және жасыруға мүмкіндік беретін құрылғылар мен материалдарды қолдана отырып жабдықталған автокөліктерді басқарған 42 жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"4 желтоқсанда Павлодар қаласында Академик Сәтбаев – Толстой көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері алдыңғы бампері жоқ “РЕНО” автокөлігін тоқтатты. Көлікті 41 жастағы қала тұрғыны басқарып келе жатқан. Автокөлікке бірнеше жыл бұрын есептен шығарылған нөмірлер орнатылғаны анықталды. Жүргізушінің өзі көліктің ресейлік есепте тұрғанын және ресми нөмірлерінің салонда жатқанын айтты, алайда оның өзімен бірге құжаттары жоқ болып шықты. Көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын жүргізгені үшін жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жіберілді", – деді Павлодар қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шәріпов.
Полиция қызметкерлері осы баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе бір жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыруды көздейтінін атап өтті.