$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбедегі атышулы шошқа фермасына 7 миллиард айыппұл салынды

Енді бұл ақшаны шаруашылық басшысы бір айдың ішінде төлеуі тиіс.
фото: kznews.kz
фото: kznews.kz

Ақтөбе облысы Ақтөбе облысында шу шыққан шошқа фермасына экологтар 7 миллиард теңге көлемінде айыппұл салды. Енді бұл ақшаны шаруашылық басшысы бір айдың ішінде төлеуі тиіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап. 

Екі аптаға жуық тексеру жүргізген мамандар шошқа шаруашылығында мүлдем тазалық сақталмағанына шошып отыр.

Ең қызығы, олар 9 жылдан бері тұрғындар арызданса да ешбір бақылау жүргізбеген. Тек Бестамақ ауылының халқы үш күн бойы жаппай наразылыққа шыққан соң ғана  фермаға назар аударыпты. Талпақ танаудың өлекселері мен қалдығын ауыл маңындағы 6 гектардай жерге көмген. Шұңқырлардан 200 тоннаға жуық қауіпті қалдық табылды.

Онымен қоймай, шошқа фермасынан шыққан сұйық қалдықтарды Байбақты өзеніне төккен. Наразы тұрғындар бұл ферманы мүлдем жауып тастауды талап еткен. Бірақ тексеру комиссиясы сотсыз  шешім қабылдай алмаймыз деп отыр. Әзірге тек қомақты айыппұл салып, қылмыстық іс қозғаумен шектелген.

«Егер айыппұлды уақтылы өтемесе, жабу туралы сотқа талап қоя аламыз», - дейді мамандар.

"Барлық 7 миллиард шығын есептеліп отыр. Бұл шығынды біз бюджетке түсіру үшін нұсқама берілді. Бір ай ішінде заңмен түсіру керек. Түсірмеген жағдайда әрі қарай сот арқылы өндіріп аламыз", - дейді Ақтөбе облысы экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары