Ресейдің Калининград облысында аңға шыққан азамат байқаусызда досын атып өлтірген деп хабарлайды РИА Новости.
Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, Калининград облысы бойынша Тергеу басқармасының тергеушілері Озерск ауданы тұрғынының аң аулау кезіндегі өлімінің мән-жайын анықтауға кіріскен. Бұл ақпаратты тергеу басқармасы басшысының көмекшісі Наталья Гацко растап отыр. Алдын ала ақпарат бойынша, марқұмды досы абайсызда атып өлтірген.
"Аң аулау кезінде Озерск ауданы Жучково ауылының маңында 37 жастағы аңшы қозғалып бара жатқан нысанға оқ атқан. Орманда кетіп бара жатқан жануарды көздеп тұрмын деп ойлаған. Жақындаған кезде аңшы өз досын жаралағанын көрді. Көп ұзамай жараланған ер адам көз жұмды. Аталған факті бойынша тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Наталья Гацко.
Айта кетейік, 37 жастағы ер адамның өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін анықталады.