Түркияның оңтүстігінде орналасқан Газиантеп қаласында ауруханадағы оттегі аппараты істен шығып, оның соңы өртке ұласқан. Салдарынан 10 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Қызыл жалын Газиантеп қаласының университет госпиталіндегі коронавирус сырқаттарын емдейтін интенсивті терапия бөлімінен шыққан. Оқиға орнынан 8 адамның денесі табылды.
Кейіннен Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа өзінің Twitter парақшасында өрттен қаза тапқандар саны 10-ға жеткенін жазды.
Ауруханада ем алып жатқан пациенттер басқа медицина мекемелеріне ауыстырылған.
Тілсіз жау аз уақыттың ішінде ауыздықталды.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.