Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды. Депутаттар Сенаттың алдағы 2020 жылғы 24 және 29 желтоқсанда өтетін отырыстарының күн тәртіптерін талқылады.
Сенаторлар 24 желтоқсандағы отырыста «Техникалық реттеу туралы» заң жобасын қарайтын болды. Жаңа мәтінде қабылданатын бұл заңда техникалық реттеу саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығы мен тиімділігі, қауіпті өнімнің жолын кесудің жеделдігі қамтамасыз етіледі, бизнесте адал кәсіпкерлікке жағдай жасайды.
Сенаторлар сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және төлемдер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да талқылайтын болады.
Парламент Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің және Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің қажеттіліктеріне Астана қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары депутаттардың қарауына да ұсынылады.
Отырыстың күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да енгізілді. Халықты сауықтырудың неғұрлым қолжетімді және тиімді тетіктерінің бірі дене шынықтыру мен спортпен айналысу болып табылады, ол үшін азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануына, дамыған спорт инфрақұрылымына қол жеткізуге және қазақстандық спорттың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін қолайлы орта құру қажет. Ол үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет, - деп санайды Сенат депутаттары.
Ал 29 желтоқсандағы Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарайды.