Бүгін Үкімет отырысында вегетациялық кезеңде су ресурстарын пайдалану мәселелері қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.
Қазақстанда су тұтынудың 65%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі. Еліміздің жер үсті суларының жартысына жуығы (44,9 км³) көршілес елдер – ҚХР, РФ, Өзбекстан, Қырғызстан аумағынан келеді. Трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері үкіметаралық келісімдер аясында реттелген. Биылғы желтоқсан айында Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөнінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламалары қабылданды. Бағдарламаларда су алмасуды жақсарту үшін су жіберу құрылыстарын реконструкциялау шаралары да көзделген.
Сумен қамтамасыз ету міндеттерін шешу үшін Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленді, ол су инфрақұрылымын салуды, жаңғыртуды және жетілдіруді, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, суды есепке алу мен су бөлуді цифрландыруды көздейді. Аталған іс-шараларды өткізу су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
«Агроөнеркәсіптік секторды сапалы әрі кепілдендірілген су көлемімен қамтамасыз ету еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы еліміздің су шаруашылығының барлық негізгі нысандарына Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы К-19 магистральдық арнасын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны тарату қажет екенін атап өтті.
Премьер-Министр Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш жоспардан артық егілгенін атап өтті.
«Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы, экология, сауда министрліктеріне ішкі қажеттіліктер мен егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша алға қойылған міндеттерді ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар егісін ауыстыру мәселесін әкімдермен пысықтауды тапсырды. Аталған жұмыстың нәтижелері АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, трансшекаралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің салалық ведомстволарымен жұмысты күшейту тапсырылды.
Экология және ауыл шаруашылығы министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, су шаруашылығы объектілерін салу мен реконструкциялау жобаларын іске асыру, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары мен суды есептеудің цифрлық жүйелерін енгізу жөніндегі жұмысты одан әрі жүзеге асыру тапсырылды.