Пандемияның салдарынан күрделі кезең саналған 2020 жыл да аяқталуға таяды. Бір ғана жұмыс аптасы қалып отыр десек, оны Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барынша ұтымды пайдалануда. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.
11 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер көңілден шығады, дегенмен кездесіп отырған кемшіліктер де жоқ емес. Есепті кезеңде 2,5 пайызды құраған экономикалық өсімді жыл қорытындысымен 3 пайызға жеткізуге үміт зор. Бәлкім, бұл келер жылғы меже болар.
2020 жылы барша әлем елдері секілді коронавирус қиыншылықтарымен бетпе-бет келгеніне қарамастан, өңір экономикасындағы оң динамиканы сақталды.
- Біз бұл жылды алдағы ауықымды жоспаларымыздың берік негізі болатындай етіп түйіндеу қажетпіз. Көрсеткіштер кем дегенде орташа республикалық деңгейден төмен болмауы тиіс. Оң динамикаға қарамастан, кейбір тапсырмалардың орындалмау қаупі бар. Қалған күннің ішінде 30 миллиард теңгеден астам қаражатты игеру қажет, - деді өңір басшысы.
Бұған дейін өткен кеңесте 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары сараланған десек, бұл жолы жылдың болжамды көрсеткіштеріне назар аударылды. Сонымен, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өнеркәсіп 102 пайызды, ауыл шаруашылығы - 104,3, құрылыс - 105, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі - 107, инвестиция - 106 және бөлшек сауда - 100,3 пайызға орындалған. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша меже Меркі ауданында (95,7 пайыз) орындалмай қалу қаупі бар десек, ал тартылған инвестиция көлеміндегі көрсеткіш Шу (50%) және Сарысу аудандарында (60%) айтарлықтай төмен болады деп күтілуде. Инфляция мен жұмыссыздық деңгейі сияқты негізгі көрсеткіштерге назар аударған абзал. Олар бойынша 11 айдың қорытындысымен жұмыс жасау қажет. Сонымен, инфляция 6,1%-ды құрап отыр десек, бұл орташа республикалық деңгейден 0,4%-ға төмен. Сол сияқты жұмыссыздық - 4,9% болса, республикалық орташа көрсеткіш 5 пайызға тең.
Қаржы басқармсының басшысы Роза Исаеваның айтуынша, бюджеттің кірістері 100,2%-ға орындалып, жоспардан тыс 157,2 млн.теңге түскен. Жыл қорытындысымен ол 104% көрсеткішке жетеді деп күтілуде.
21 желтоқсандағы жағдай бойынша бөлінген қаражаттың 93,8 пайызы игерілген. 30,2 миллиард теңге игерілмеген десек, оның 16,7 миллиард теңгесі аудандар мен Тараз қаласына, 15 миллиард теңге облыстық басқармаларға тиесілі.
Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қалған қаржының 25 желтоқсаннан кешікпей игерілетініне сендірді. Басқа әкімдер мен басқарма басшылары да мәселенің шешілетінін жеткізді. Ең кем дегенде, жыл қорытындысымен көрсеткіш 99,9% құрауы тиіс.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қайрат Кармандаев барлық аудандар бойынша кірістер мен жергілікті бюджеттің өсу қарқын жоспары 100%-дан төмен болмайтынын сенімді түрде айтты.
Бердібек Сапарбаев ең артта қалғандарға тоқталып өтті.
«Сарысу ауданында бірден төрт индикатордың орындалмау қаупі бар, бұл үлкен мәселе», - деді аймақ басшысы Бақытжан Жақсылықовқа қарата.
Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров тартылған инвестиция көлемі 55% -дан аспайтынын айтты.
Жергілікті қант зауытын жүктемесіне қатсты мәселелерге қарамастан Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков жыл соңына дейін өнеркәсіптік өндіріс көлемін 100%-ға жеткізуге уәде берді.
Жуалы, Талас аудандарында және облыс орталығында құрылыс бойынша мәселелер бар болса, ал Байзақ ауданында кіріс болжамы орындалмай отыр.
- Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды, барлығы белсенді жұмыс істеуі керек. Кесте құрылып, оны қатаң сақтау қажет. Соңғы күндері мәселелерді шешусіз қалдыруға болмайды. Біз қаражатты міндетті түрде игереміз деп сұрадық. Сондықтан нәтиже керек. Біз өз көрсеткіштерімізді республикалық көрсеткіштермен байланыстырамыз. Ауыл шаруашылығы кем дегенде алты пайыздық өсімді көрсетуі тиіс. Әлеуметтік көмек әр мекен-жайға жетуі керек. Біз халыққа жылды жақсы нәтижелермен аяқтаймыз деп уәде бергенбіз. Біз сөзімізде тұруға тиіспіз, - деді Бердібек Сапарбаев кездесу соңында.