24.12.2020, 11:20

«Банкет және басқа да шара өткізуге тыйым салынады» - Жандарбек Бекшин

Фото: Kostanaytany.kz
Сауда объектілерінің (сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда желілері, сауда үйлері) жұмыс күндері және демалыс, не мереке күндері сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің «Алматы қаласында коронавирус инфекцияның алдын алу жөніндегі шаралар туралы» жаңа қаулысы жарияланды.

Қаулыға сәйкес, мектепке дейінгі мекемелерде қосымша кезекші топтарды ашу және қала мектептерінде 1-ден 5-сыныпқа дейін қосымша кезекші сыныптарды ашу тоқтатылды.

Сауда объектілерінің (сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда желілері, сауда үйлері) жұмыс күндері және демалыс, не мереке күндері сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, азық-түлік дүкендері мен базарлардың қызметі жұмыс және мереке, демалыс күндері сағат 17:00-ге дейін толтырылуы 30%-дан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метрден кем емес болуы керек.

Туризм объектілерінің жұмысы тестілеу режимінде белгіленген шектеу шараларын сақтай отырып жалғасады. «Медеу» спорттық-сауықтыру орталығы мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының қызметіне рұқсат. «Медеу» мұз айдынының әр сессияда 750 адамнан қабылдауына болады. Ал «Шымбұлақ» курортына келушілердің саны 30%-дан аспауы тиіс.

Көңіл көтеру мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік, түнгі клубтар мен ойын клубтары, боулинг орталықтары, балалар спорты мен ойын алаңдары, аттракциондар, батуттар және букмекерлік кеңселер мен лотереялық клубтардың) қызметіне тыйым салынады.

Банкет және басқа да шара өткізуге тыйым салынады. 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында барлық мекемелер мен ұйымдарда жаңажылдық ойын-сауық шараларына аниматорларды (Аяз ата, Ақша қар сияқты басқа да жаңажылдық кейіпкерлерді) үйге шақыру бойынша агенттіктердің жұмысына тыйым салынады.