24.12.2020, 14:19

«Никонов пен Федоровтың қазақстанда кеңселері бар» – Мұхтар Тайжан

Фото: azattyg. ruhy
Саясаткер құзырлы орган басшыларынан мәселені түсіндіріп беруді сұрады.

Жақында Қазақстанның солтүстік өңіріне қатысты Никоновтың (Дума депутаты - ред.) даулы мәлімдемесіне белсенді араласып, «Ресей өзіне тиесілі бірнеше аймақты Қазақстанға сыйға берген» деген пікірді одан ары ушықтырған РФ мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоровтың Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында кеңсесі бар екен. Бұл туралы белгілі саясаткер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің экс-мүшесі Мұхтар Тайжан Facebook желісінде жазды.

«Кәрім Қажымханұлы Мәсімов (ҰҚК), Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев (ІІМ), Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетов (Бас прокуратура), біз сияқты қарапайым азаматтарға түсіндіріңіздер, күні бүгінге дейін Қазақстанда Ұлттық азат ету қозғалысы ұйымы қандай себептерге байланысты жұмыс істеп тұр? Олардың ашық түрдегі негізгі мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын жою», - деп жазды ол.

 

Қоғам белсендісі аталған ұйымның кеңселері орналасқан мекенжайды да атады.

«Бұл ұйымның Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында кеңселері бар. Олар ашық түрде ұйымға адамдар жинайды. Нұр-Сұлтандағы мекен-жайы (Сығанақ к-сі, 19. Ал Сығанақ 20 мекен-жайы) – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратында. Кәрім Қажымханұлы, сіздерге көрші орналасқан. Мұндайға қалай жол беруге болады? Ал Ұлттық азат ету қозғалысы ұйымының басшысы – ресейлік депутат Федоров!» - деп жазған Мұхтар Тайжан.

Еске сала кетейік, жақында РФ мемлекеттік думасының білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов телеарналардың бірінде «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің тартуы» деп даулы мәлімдеме жасады. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаров шақырылып, ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталды.

Никоновтың даулы мәлімдемесінен кейін ҚР Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхамед жауап беріп, «Бұл – миллиондаған қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау» деген баға берді.

Түркия жастары да ресейлік депутаттың даулы мәлімдесіне қатысты акция бастап, «Ресей, Қазақстаннан қолыңды тарт!», «Қазақстан жалғыз емес!», «Кім Қазақстанға қарсы болса, Түркияға да қарсы!» деген ұранмен қолдау көрсетуді бастады. Бұл туралы қазақ тілін қорғауға белсенді атсалысып жүрген Оғыз Доған YouTube желісінде жариялады.