Үш күн ішінде 150 тұрғынға әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін шара көрілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 22-24 желтоқсан аралығында аудан аумағында “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу. Сонымен қатар қоғамдық көлік және такси жүргізушілері жол беретін жол жүрісі қағидасын бұзушыларды анықтау, жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын төмендету.
Тәртіп сақшылары аталған шараның үш тәулігінде аудандағы 21 қараусыз тұрған үйлер, 11 саяжай мен 20 жалға берілетін пәтер тексерілді. Профилактикалық есепте тұрған тұрғындар да назардан тыс қалмады, яғни радикалды деструктивтік діни ағымдар жақтастары тұрғылықты орны бойынша қадағаланды. Сонымен қатар 57 адам полиция бөліміне жеткізіліп олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілсе, оның 38-іне қатысты қол саусақ іздері алынып, қажеттті шаралар жасалды. Ал 150 адамға әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін хаттама толтырылды. Яғни оның ішінде алкогольді сату ережелерін бұзған (ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы) бір, ұсақ бұзақылықтың (ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы) 30, қоғамдық орында ішімдік ішкені және мас халде жүргені үшін (ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы) сегіз, тыныштықты бұзудың (ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы) екі, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуының (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы) сегіз жайты анықталып, хаттамалар толтырылды. Оған қоса жолдың қарсы бағытына шыққан (ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы) бір, жаяу жүргіншілерге басымдылық бермеудің (ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы) бес, жаяу жүргіншілердің жол жүру қауіпсіздігін бұзудың (ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы) 18, қауіпсіздік белдігін қолданбаудың (ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы) 15 жайты тіркелді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстық полицейлермен алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Құрметті облыс тұрғындары жолда жүргенде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыздар! Егерде сіз кезекті тәртіп бұзушылықтың, қоғамдық орында болған құқық бұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” нөміріне хабар беріңіз!