Қазақстан Президентінің атына көптеген мемлекеттер мен Үкімет басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен, бұрынғы мемлекет басшыларынан, мемлекет қайраткерлерінен, дипломатия және қоғам, іскер топтардың өкілдерінен жаңа 2021 жылмен құттықтаған жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
Ресей Президенті Владимир Путин Жаңа жылмен құттықтауында Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында табысты дамып келе жатқанын айтқан.
– Биылғы жылы бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін, Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында екіжақты, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша табысты жұмысымызды одан әрі жалғастыра береміз деп сенемін. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге және жақындарыңызға зор денсаулық пен амандық, ал Қазақстан халқына бейбітшілік, бақыт және өсіп-өркендеу тілеймін, – делінген Ресей басшысының жеделхатында.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өзінің құттықтау жеделхатында 2020 жылы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы зор жетістіктерді атап өткен. Өзбек көшбасшысы өзара тиімді келісімдер мен бірлескен жобалардың, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық, көлік, энергетикалық, өнеркәсіптік кооперация бойынша, мәдени-гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастықтың қарқынды жүзеге асырылуын өте жоғары бағалаған. «Біздің көп бағытты және ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестігіміз бен достық қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да қарқынды дами беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко Беларусь пен Қазақстан өзара түсіністікке, берік достыққа және сыйластыққа құрылған ұзақ мерзімді серіктестік қарым-қатынастарға адалдығын бірнеше рет дәлелдегенін атап өткен. «2021 жылы біз Беларусь-Қазақстан ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалануға, жаңа жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға кірісетінімізге сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Президенті Армен Саркисян, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Қырғызстан Президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Украина Президенті Владимир Зеленский, Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның Федералды Канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон, БАӘ Президенті Халифа бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-Министрі Мұхаммед Бен Рашид Әл Мактум, Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы Күштері Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Иордания Королі II Абдалла, Кувейт Әмірі Наваф әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, Ауғанстан Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани, Иран Президенті Хасан Рухани, Мысыр Президенті Абдель Фаттах Ас-Сиси, Польша Президенті Анджей Дуда, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, Литва Президенті Гитанас Науседа, Латвия Президенті Эгилс Левитс, Ирландия Президенті Майкл Хиггинс, Сингапур Президенті Халима Якоб, Словения Президенті Борут Пахор, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Норвегия Королі V Харальд, Дания Патшайымы II Маргрете, Жаңа Зеландияның Генерал-губернаторы Пэтси Рэдди, Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев, Еуразиялық экономикалық комиссия алғасының Төрағасы Михаил Мясникович, ТМД Атқарушы хатшысы – Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы Станислав Зась, НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко, Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Наталья Герман, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының төрағасы Жолымбет Бәйішев, Хорватияның бұрынғы Президенті Степан Месич және Сингапурдың бұрынғы Премьер-министр Го Чок Тонг жаңа жылмен құттықтап, жеделхат жіберді.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысының атына Еуразиялық Даму Банкі басқарма төрағасы Николай Подгузовтан, Авиация және әуе кеңістігін пайдалану жөніндегі мемлекетаралық кеңес президенті Татьяна Анодинадан, АҚШ, Түркия, Чехия, Хорватия, Эстония, Ресей, Италия елдерінің Қазақстандағы елшілерінен, «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперовтен, ВТБ Банкінің президенті–басқарма төрағасы Андрей Костиннен, «Группа Сафмар» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Гуцериевтен, Ресей Федерациясы Орынбор және Пенза облыстарының губернаторлары Денис Паслер мен Иван Белозерцевтан, Байқоңыр қаласы Әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгиннен, «Россия сегодня» ХАА бас директоры Дмитрий Киселёвтен, Ресей Федерациясы Бірлескен ядролық зерттеулер институтының директоры Виктор Матвеевтен құттықтау жеделхаттары келіп түсті.