02.01.2021, 15:41

Тоқаев зейнетақы жинағын алуға қатысты заңға қол қойды

Аталған Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Аталған Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады.

Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аталған мақсаттарда пайдалану құқығы берілетін болады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:

- жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар;

- сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;

- зейнеткерлікке шыққан азаматтар - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте.

Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда. Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы «жеткіліктілік шегі» ретінде қарастырылады. «Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.

Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. Мұнымен қоса, 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге қажет. Яғни, бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы