$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда тозығы жеткен үйлердің орнына салынған жаңа құрылыс қирап жатыр

Үйлер мемлекеттің қаржысына салынған.

Қаладағы Мақатаев көшесі 5А үйдің тұрғындары осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілген баспаналардың жылу жүйесі жарамсыз болып қалғанын айтып тағы шағымданды. Көпқабатты үй «Тозығы жеткен үйлерді сүру» бағдарламасы аясында салынып, оған 2014 жылы тұрғындар қоныстанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаланың орталығындағы 9 қабатты үйде 40-қа жуық пәтердің құбырлары жарылған. Тұрғындар бұған мердігер компанияның сапасыз құрылыс материалдарын пайдалынуы себеп болып отыр деген пікірде. Былтыр қыс бойы тұрғындар едендерді ашып, 27 жерден жарылған жылу құбырларын өз күшімен жөндеген. Көктем шыққанда мемлекеттік бағдарламамен салынған баспаналарды тексеруді сұрап, тиісті органдарға шағым жазылғанымен, нақты шара қолданылмапты.

Тұрғындар көппәтерлі үйді салуға тапсырыс берген Алматы әкімдігі жанындағы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС-не бірнеше рет хат жазғанымен, компания үйдің кепілдік мерзімі өтіп кеткен деп, мәселені қараудан бас тартқан. Ал, құрылысты салған мердігер – «АстанаҚұрылысИнвест» АҚ сотқа жүгінуді сұраған. Кеңес заманындағы ескі үйлердің орнына қайта бой көтерген жаңа үйлердің сантехникасы ұқыпсыз жасалғанын тәуелсіз сараптама арқылы дәлелдеу қажет екен. Ал құрылысты жүргізген компания екі жылдық кепілдік мерзімін өткердік, деп отыр.

«Соңғы жылдары кіре берістен бастап жатын бөлмеме дейін 10 рет құбыр жарылды. КСК өкілдері келіп, жамаған сыңай танытады. Бірақ, ол қайталана береді. Соңғы рет биыл 2 қаңтарда мына жатын бөлмемде тағы да еденнің астынан су шыға бастады. Ашып қарасам, құбыр жарылған. Енді жылуды өшіруге мәжбүр болдым. Үш күн болды, жылусыз отырмын. Ешкім келіп жөндеуге асығар емес, бұл менің кінәм емес қой. Пластик құбырлардың жарамдылық мерзімі 25 жыл, ендеше салынғанына 6 жыл ғана болған үйдің құбырлары жарамсыз болып шыққаны ма? Меніңше құрылыс кезінде ең арзан, сапасыз материалдар пайдаланылған», - дейді Таня Жусанбаева есімді тұрғын.

Бұл үйден екі бөлмелі пәтер алған Роза Есенқұлова жағдайдын былтырдан да қиынға соққанын айтады. Себебі дәліз бен үйдің кіре берісіндегі құбырлар да жарылып кеткен. Қазір екі баласын туыстарының үйіне апарып тастаған әйел еденді қопарып, үйді салған «АстанаҚұрылысИнвест» АҚ өкілдері мен тапсырыс беруші «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басшыларын шақырған. Арнайы келген компания өкілдері қыстың көзі қырауда қиналған тұрғындардың жағдайымен танысты.

«Біз мұндай қиындықты былтыр да көріп шықтық. БАҚ беттерінде өз мәселемізді айтып, әлеуметтік желіде де жазба қалдырған соң, жарты жыл өтті, он ай өтті, бізге сотқа барыңдар деумен ғана шектелді. Ал «Астанақұрылысинвест» компаниясы бізге алғашында ешқайда шағымданбауды сұрады. Өтемақы төлеп береміз деп уәде берді. Алайда қыс, көктем, жаз өтті. Міне, қайта айналып қыс келді. Бізді бәрі ұмытып кетті.  Қайтадан Алмалы қаласы әкімінің атына, корупцияға қарсы агенттік басшысының атына басқа да құзырлы органдарға хат жаза бастап едік. «Алматы әлеуметтік корпорациясы» төрағасының орынбасары шақырып, арнайы комиссия құрылатынын айтты. «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС осы корпарацияның құрамында екен. Мәселе тиісті жеріне жеткен соң кәсіпорынның бас дирекоры Қанат Әлбековті орнынан босатыпты», - дейді тұрғын Роза Есенқұлова.

Комиссия құрамына кіретін «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басшысының орынбасары Жасұлан Қиматов мәселенің алдағы айда шешілетініне уәде берді. Ол үшін кәсіпорын өз есебінен тәуелсіз техникалық сараптама жасататын болады.

«Біз өз тарапымыздан комиссия құрып, жұмыстың басталғанын айтуға келдік. Үйге жобалау жұмыстары жасалған, сараптамадан өткен, қабылдау актісі де жасалған. Бұл құжаттар бізде бар. Енді осындай мәселе туындаған соң, біз өз есебімізден техникалық зерттеу жүргізуді қолға аламыз. Қазір ПКС басшылары осындай шешім қабылдап отыр. Шамамен бір ай көлемінде осы жұмыс атқарылады деп ойлаймыз. Сосын мердігер компанияның тарапынан заңбұзушылықтар көрінс тапса, біз оларды сотқа беруге құқығымыз бар. Тұрғындардың соттасуы міндетті емес. Егер сот шығынды өтеу туралы шешім шығарса, үйді салған «АстанаҚұрылысИнвест» компаниясы шығындарды өтеуге міндетті», - дейді «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС өкілі.

Ақпарат үшін: Алматыда ескі үйлерді бұзу бойынша 2012 жылы бағдарлама қабылданған. Бірақ қазірге дейін шаһарда небәрі 56 үй бұзылып, оның орнына 51 көпқабатты тұрғын үй салынған. Бағдарлама аясында 2030 жылға дейін 1 мыңға жуық баспана бұзылуы тиіс. Алайда, инвесторлардың жоқтығынан бағдаралама тоқтап тұр. Бағдарлама операторы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС дерегінше, Алатау ауданында 23 үй, ал Наурызбай ауданында 8 үй бұзылмақ. Ең көбі Түрксіб ауданында. Мұнда 428 үйді қайта бұзып салу көзделген. Алдағы он жылда аумағы 2 млн шаршы метр баспана салынуы керек. Ауқымды жоба Алматыда 1922 жыл мен 1963 жылдары аралығында салынған 1,5 мың ескі үйдің 70 пайызын жаңартуды мақсат етіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары