Танымал онколог, "Құрмет" орденінің иегері Азат Шибанова 88 жасында өмірден озды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты хабарлады. "Қазақстанның онкологиялық қызметі орны толмас қазаға ұшырады. Біздің ардагеріміз, профессор Азат Ілиясқызы Шибанова өмірден озды. Азат Ілиясқызы барлық ғұмырын Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына және онкологиялық қызметті дамытуға арнады. Ол институтта 54 жыл еңбек етті", – делінген мекеменің ресми хабарламасында.
Азат Шибанова 1933 жылы Алматы облысындағы Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында мемлекеттік медициналық институтта оқыды. 1960 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты құрылған кезден бастап осы мекемеде жұмыс істеді.
Профессор Шибанова клиникалық цитология – жасушалық материалды зерттеу мен бағалауды көздейтін талдау әдісін дамытуға үлкен үлес қосты. Оның қатысуымен "клиникалық цитология" деген жаңа мамандық туралы бұйрық әзірленген болатын. Оған қоса, тиісті нормативтер даярланды. Соның бәрі әлі күнге дейін пайдаланады.