$ 444.32  473.33  4.76

Пара беретіндер үшін айыппұл мөлшері ұлғайды

Агенттік өкілінің мәліметінше, соңғы 2 жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 480 пара беру фактісін анықтаған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда пара берушілер мен пара алушыларға, сондай-ақ, делдалдарға салынатын айыппұл көлемін ұлғайту туралы маңызды заңнамалық шаралар қабылдануда. Бұл туралы бүгін «Астана адалдық алаңында» өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді

Агенттік өкілінің мәліметінше, соңғы 2 жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 480 пара беру  фактісін анықтаған. Сондай-ақ, пара берудегі медиацияның 37 фактісі, 713 түрлі кәсіпкерлік ісіне заңсыз араласу фактісі тіркелген.

«Пара берушілер мен делдалдар 2 жыл ішінде бюджетке 600 миллион теңге айыппұл төледі. Мәселен, қазір қарапайым пара беретіндер үшін (50 АЕК-ке дейін немесе 145 мың теңгеге дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері параның мөлшерінен 10 еседен 20 есеге дейін ұлғайтылды. Егер, адам 100 мың теңге көлемінде пара бергені үшін сотталса, онда оған сот тағайындай алатын ең төменгі айыппұл мөлшері 2 миллион теңгені құрайды. Бұған дейін ең төменгі айыппұл мөлшері 1 миллион теңгені құраған», - деді ол.

Дәл сол сияқты делдалдар үшін бірнеше еселенген айыппұлдың шегі екі есеге артқан (мәселен, Қылмыстық кодекстің 368-бабының 1-бөлігі бойынша «Параның 5-10 еселенген мөлшерінен» «Параның 10-нан 20 еселенген мөлшеріне дейін»).

Соңғы өзгерістер туралы айтатын болсақ, 2019 жылдың соңында енгізілген қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігі институты, нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасын қалпына келтіру, Қазақстанның ГРЕКО-ға кіру процесін аяқтау қарастырылған еді.

Өткен жылы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі қабылданды; мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің сыйлықтар алуына толық тыйым салынды; сыбайлас жемқорлықтың субъектілері құрамы кеңейтілді және комплаенс-қызметтер институты енгізілді.

Бұдан басқа, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық шаралар көздейтін заңға қол қойған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары