13.01.2021, 11:20

Жалдамалы пәтерде ашылған казиноға арнайы жасақ басып кірді

Фото: ашық дереккөз
Алғашқы клиенттерін қабылдап жатқан кезде экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мен арнайы жасақтың сарбаздары сау ете қалған.

Шымкент қаласында жалдамалы пәтерде ашылған заңсыз казино жұмысын бастамай жатып жабылды. Покердің алғашқы ойынын арнайы жасақтың сарбаздары тоқтатты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Заңсыз ойын бизнесін 31 жастағы жалғызбасты ана ұйымдастырған. Оның екі баласы бар. Базарда сатушы болып істейтін Өзбекстанның тумасы алдымен көпқабатты үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтер жалдаған. Сосын ішіне покер үстелін орнатқызып, ойын карталары мен казино фишкілерін әкеліпті.

Алғашқы клиенттерін қабылдап жатқан кезде экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мен арнайы жасақтың сарбаздары сау ете қалған. Жедел топ казиноға кіргенде дилер болып істеген екі бойжеткен қорыққаннан үстел үстіндегі 300 мың теңгені әжетханаға ағызып жіберген.

"Ұстау кезінде пәтерде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған әйелден бөлек, ойын ойнаған 6-7 адам анықталған. Дилер қызметін атқарған екі бойжеткен де болды", – дейді Абай аудандық сотының судьясы Қанат Мылтықбаев.

Дилерлер мен ойынға құмар азаматтар жауапкершілікке тартылған жоқ. Ал пәтерді казиноға айналдырған келіншек айыппұлмен құтылды. Ол 505 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Жазаны тағайындау кезінде оның жалғызбасты ана және екі баланы тәрбиелеп отырғаны ескерілді.