$ 494.87  520.65  4.91

«Өлтіріп аламыз ба деп қорықтым»: СҚО-да полицей жүкті әйелді босандырып алды

Ол кезінде акушер-дәрігерлердің өзіне айтқандарын есіне түсіріп, соларды босанып жатқан келіншектен орындауын сұраған.

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл фельдшері мен полиция қызметкері толғағы қысқан әйелді аман-есен босандырып алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, Мағжан Жұмабаев ауданы Рощино елдімекенінің фельдшері сағат кешкі 19.00 шамасында көрші Хлеборобное ауылындағы сайлау учаскесінде кезекшілікте тұрған полиция қызметкері Ольга Кангозиндан көмек сұраған. Медицина қызметкері аудан орталығы Булаев қаласына толғағы басталған 34 жастағы келіншекті алып шыққанын жеткізіпті. Алайда аудандық ауруханаға жете алмайтындығына алаңдап, жақын маңдағы медициналық пунктке тоқтаған. Жергілікті фельдшер-акушерлік пункті мен сайлау учаскесі іргелес орналасқан екен. Тәртіп сақшысы дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда келіншектің толғағы қысқан соң, аудандық ауруханадағы дәрігерге қоңырау шалып, соның нұсқауы бойынша әрекет ете бастайды. Нәтижесінде дүниеге шекесі торсықтай ұл келген. 

"Мен әлі күнге дейін өз-өзіме келе алмай жүрмін. Қайшыны дезинфекциялап, баланың кіндігін кестім. Ер бала екен. Өлтіріп аламыз ба деп қорықтым. Бала туғаннан кейін еш дыбыс шығармады. Арқасынан қаққаннан кейін ғана шыр ете түсті. Сонда ғана келіншекті аман-есен босандырғанымызға көзім жетті", – дейді Ольга Кангозина. 

Ольга өзі де ана. Ол кезінде акушер-дәрігерлердің өзіне айтқандарын есіне түсіріп, соларды босанып жатқан келіншектен орындауын сұраған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары