Шымкентте жұмысшылардың жалақысын апарып бермек болып, іс-түссіз жоғалған кәсіпкер Ресейден табылды деп мәлімдеді ОҚО ІІД баспасөз қызметі. 33 жастағы Александр Кривошапкин өзінің досы арқылы үйіне хабарласып, аман екенін хабарлаған.
Естеріңізде болса, полиция бөліміне Кривошапкиннің әйелі 21 шілде күні арызданып келген. Өз арызында ол күйеуінің бұрғылау фирмаларының бірінде жұмыс істейтінін айтқан. 20 шілде күні А.Кривошапкин күндізгі сағат үштер шамасында үйінен 800 мың теңге ақшаны алып, жұмысшыларының жалақысын апарып беруге Бадам елдімекеніне қарай бет алған екен. Алайда, межелі жеріне сол күйі жете алмапты.
Ішкі істер қызметкерлері тарапынан арнайы құрылған топ жоғалған азаматты іздеп жатқан тұста оның өзі отбасымен байланысқа шыққан көрінеді. Яғни, Шымкентте тұратын досына телефон соғып, өзінің Ресейде жүргенін айтқан. Сондай-ақ, ішкі істер органдарына жазылған арызды кері алуын сұрапты.
Дегенмен, ОҚО ІІД Криминалдық полиция қызметінің өкілдері Александр Кривошапкиннің қай жерде екені анықталмайынша немесе полицияға өзі келмейінше іздеу жұмыстарын жалғастыратын болады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер хабарсыз кеткен азаматтың автокөлігін Шымкент қаласы Айбергенов көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласынан тапты. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның орын алу барысы мен себептерін анықтауда. Тексеру жұмыстары жалғасуда.