"Ералаш" балалар әзіл-оспақ киножурналының көркемдік жетекшісі Борис Грачевский қайтыс болды. Қайғылы жағдайды марқұмның достары хабарлады.
Борис Грачевскийдің қазасы туралы ақын Симон Осиашвили өзінің Facebook парақшасында жазды.
Грачевский 72 жасында өмірден озған. "Ералаш" авторының көз жұмғаны туралы журналист Борух Горин де жазба қалдырған.
"Пятый канал" ақпаратынша, Борис Юрьевичтің қайтыс болғаны жайлы ақпаратты актер Владимир Долинский мен кинотанушы Вячеслав Шмыров растаған. Ал ТАСС тілшілеріне қайғылы хабарды Грачевскийдің жұбайы Екатерина Белоцерковская жеткізген.
Сонымен бірге Ресей федерациясының мемлекеттік думасы да Борис Грачевскийдің қазасына байланысты пікір білдірген. Мемлекеттік дума мәдениет комитеті басшысының орынбасары Елена Драпеко марқұмның туыстары мен жақындарына, барлық көрермендерге көңіл айтты.
Драпеконың сөзінше, Грачевскиймен бірге бүтін бір дәуір кеткен деп жазады РИА Новости.
Борис Грачевский 1949 жылы 18 наурызда Мәскеуде дүниеге келген. 1968 жылы Калининград механикалық техникумын (қазіргі Корольдік ғарыш техникасы және технология колледжі) тәмәмдаған. Сол жылы-ақ кино саласында қызмет ете бастаған. Ал бір жылдан кейін Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтына түскен. Грачевский институттың дипломын тек 2017 жылы ғана алғаны айтылады. 1974 жылы драматург Александар Хмеликпен бірге "Ералаш" балалар әзіл-оспақ киножурналын ұйымдастырады.
Ол киножурналдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болған. 2009 жылы Грачевский өзінің алғашқы толықметрлі "Крыша" фильмін түсірген.
Сондай-ақ ол аталған картинаның сценаристі. Айта кетсек, Борис Грачевскийден 2020 жылдың соңында коронавирус табылған еді. Кейінірек ол жансақтау бөліміне жатқызылған болатын.