Бүгін Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шектеу карантиндік шараларын күшейту туралы жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі coronavirus2020.kz-ке сілтеме жасап.
2020 жылғы 16 қаңтардағы қаулыға сәйкес, Ақмола облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық және өзге де қызмет пен халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын жүргізуді қамтамасыз ету қажет. Тұрғындар жеке қорғаныс құралдарын пайдалану және кәдеге жарату алгоритмінің сақталуын және кемінде екі метр қашықтықты сақтауды қамтамасыз етуі керек. Отбасылық, еске алу іс-шараларын және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салынады. Облыс тұрғындарына қоғамдық тамақтану орындарында (отбасылық, еске алу іс-шаралары (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, мерекелік корпоративтер, еске алу) ұйымдастырылатын көпшілік шараларға баруға, сондай-ақ үйде өткізулеріне тыйым салынады.
Сонымен қатар ойын-сауық нысандарын қоспағанда саябақтарға, скверлерге және басқа да демалыс орындарына 3 адамнан аспайтын топпен немесе бір отбасы мүшелерімен әлеуметтік қашықтықты сақтау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалана отырып жүруге рұқсат етіледі. Жерлеу іс-шараларын өткізу кезінде кемінде екі метр қашықтықты сақтай отырып, 30-дан астам адамның (отбасы мүшелерінің) жиналуына жол берілмеуі тиіс.
Айта кетсек, 2021 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қостанай және Ақмола облыстары «қызыл аймаққа» өтіп отыр. Сондай-ақ бүгін Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина Шоқыну мерекесін тойлауға байланысты карантиндік шектеулер туралы Қаулыға қол қойды. Сол арқылы облыста шоқыну мейрамы кезінде тұрғындарға жаппай шомылуға тыйым салынды.