20 қаңтардан бастап Павлодар облысында коронавирустың өршуіне байланысты бірқатар шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ғизат Абешев мәлім етті.
«Жаңа қаулыға сәйкес, сенбі-жексенбі күндері адам көп қатынайтын орындар жұмыс істемейді. КВИ жұқтырған науқастар санының артуына байланысты облыс «қызыл» аймаққа енді. Вирустың бұдан әрі таралуына жол бермеу мақсатында сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді. Түскі уақытта аялдамадағы автобус саны ұлғайтылады. Сонымен қатар, тамақтану орындарының жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілді», - деді Ғизат Абешев.
Айтуынша, дәмхана иелері келушілерді күндізгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қабылдай алады. Жеткізу қызметі кешкі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істемек.
«Тұрғындарға сенбі-жексенбі күндері денсаулығын сақтау үшін үйде отыруына тура келеді. Демалыс күндері сауда орындары, азық-түлік емес тауар сататын дүкендер, спорт нысандары, фитнес орталықтары, жаттығу залдары жұмыс істемейді. Сондай-ақ, бассейн, монша, сауна және бизнес орталықтар да келушілерді қабылдай алмайды. Мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді», - дейді Ғизат Абешев.
Атап өтерлігі, сенбі-жексенбі күндері дәмханалар кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, жеткізу қызметі кешкі сағат 22.00-ге дейін тапсырыс қабылдай алады.