19.01.2021, 21:40

Елімізде «Әліппенің» бес нұсқасы сынақтан өтіп жатыр

Фото: dalanews.kz
Олар құпия режимде жұмыс істеп жатыр.

Биылғы оқу жылында «Әліппе» оқулығы қайтадан білім беру бағдарламасына енгізіледі. Қазір еліміздің 102 мектебінде «Әліппенің» 5 нұсқасы апробациядан өтіп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Құпия жүріп жатқан сынақтың сыры неде? Жаңа оқулықта қандай жаңашылдық бар? Қазір қолданыста жүрген «Сауат ашу» оқулығы 2016 жылы оқу процесіне енгізілген. Білім саласындағы бұл реформа уақыт өте келе сәтсіздігін көрсетті.

«Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандарының айтуынша, «Сауат ашудағы» күрделі мәтіндер мен түсініксіз суреттер әлі әріп танымайтын баланың ұғымына ауыр. Оқулық балаларға емес, ата-аналарға арналып жазылған дейді көпшілік.

"Ауылдың балалары үшін мысалы Сауат ашу көп қиындық тудыра қоймас, өйткені олар ана тілінде сөйлейді. Ал мына үлкен қаладағы балалар үшін ортасы бөлек Сауат ашу олар үшін үлкен қиындық тудырады", - дейді зейнеткер ұстаз Мәкен Бақанова.

Нұржұма Ботайұлы, ата-ана: Әліппенің оралғанын қалаймын. Әліппе бірден бір қол үзбейтін, зерттеліп жүйеге қойылып қойған біздің бірден бір сауат ашу құралымыз. Баламыз әліппемен әріп таныса жаман болмайды.

Көпшілік күткен оқулықтың басты ерекшелігі – ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделеді. Бірақ ондағы мазмұн, тапсырмалар жинағы заманауи кейіпкерлермен, қазіргі баланың танымына лайықты тілмен беріледі екен. Жаңа оқулықта оқушылардың зейінін ашу, әріптерді үйрену, дыбыстарды меңгеру кезеңі қамтылған.

Қазір 5 баспаның ұсынған «Әліппе» оқулығы сынақтан өтуде. Олқылықтар да жоқ емес. "Өкінішке орай, деп айтуға болатын шығар «Әліппені» әзірлеу деңгейі талапқа сай емес. Мынадай ескертулер жасадық. Біріншіден, Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесін әлі де түсінбеген авторлар бар. Яғни оның 4 ұстанымы бар. Сол 4 ұстанымы бар, мысалы, бір-екеуін айтатын болсақ, ол оңайдан қиынға қарай, жеңілден күрделіге қарай әдістемесі. Соңғы кездегі біздің оқулықтарда бірден өте күрделі тапсырмалар беріліп кетіп, тапсырмалардың саны өте көп болатын болса баланың жас ерекшелігіне ол сәйкес келмейді де, ауырпашылық тудырады", - дейді  ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми - практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек.

Жаңа оқулықта әріптерді үйретудің реттілігі өзгереді. Мысалы, А әрпінен кейін Р әрпі өткізіледі. «Балаға ең бірінші АР деген сөзді үйретейік»,- деп мұны Байтұрсынұлының өзі ұсынған. Төл оқулыққа  қойылған басты талап ұлттық құндылықтарға басымдық беру. «Әліппенің» бірнеше нұсқасының сынақ-сараптамаға ұсынылуы да тегін емес. Бәсеке мен таңдау бар жерде сапа ақсамайды.

"Сараптама сынақ құпия режимде өткізіліп отыр. Ол не үшін керек? Бұрын мысалы пилоттық мектептерге баспалар барып, авторлар барып семинар өткізіп, үгіт насихат жүргізетін. Ол әділдікке алып келмейді. Сондықтан бағалау өте объективті болу үшін, апробатор мұғалімдер ешкімнен тәуелсіз болу үшін ешкімнің әсері болмау үшін біз пилоттық мектептерді де атамаймыз. Олар құпия режимде жұмыс істеп жатыр", - дейді  ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми - практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек.

Сынақ кезеңінде талапқа сай емес оқулықтар қайта өңдеуге жіберілген. Түзетіліп, толықтырылған оқулық пәндік сараптамалық комиссияға жіберіледі. Кәсіби комиссия соңғы нүктесін қойған соң, «Әліппе» оқулығы күзде, жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушыларының қолына тиеді.

Тегтер: сынақ Әліппе