28.07.2016, 06:09

Елімізде тойда айтылатын әндерге арналып жаңа телеканал ашылады

Қазақстандық телеарналар қатары тағы біреуімен толықпақ. "Той Думан" деп аталатын жаңа телеарнаның тұсаукесері тамыз айында кесілмек деп жазады Tengrinews.kz.

Жаңа жобаны Gakku TV телеарнасының басшылары жүзеге асырып отыр. Телеарна жетекшісі Санжар Мұстафиннің айтуынша, "Той Думан" арнасы көрермендеріне тек көтеріңкі көңіл-күй сыйлаумен ғана айналыспақ.

"Бұл тек қазақтың тойларында айтылатын әндерді ұсынатын телеарна болады. Біздің басты мақсатымыз - көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын жобаны жасап шығару. Біз музыка саласында ешқандай насихат жүргізбейтін, артық ақпарат бермейтін, тек ұлттық әндерді сүйіп тыңдайтын көрермендер мен тыңдармандардың талғамына сай келетін телеарна жасауды көздедік", - дейді арна басшысы.

Мұстафиннің айтуынша, тамыз айының соңына дейін "Той Думан" телеарнасы Қазақстанның барлық облыс орталығында тесттік режимде көрсетіледі.