21.01.2021, 10:20

АҚШ Қытайда ұйғырларды жоюға жүйелі түрде талпыныстар әлі жасалып жатқанын мәлімдеді

Фото: ашық дереккөзі
Майк Помпео барлық халықаралық ұйымдар мен соттарды Қытайдың мұсылмандарды қудалауына шара қолдануға шақырды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайды Шыңжаң аймағындағы ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарға қатысты геноцид жасады деп айыптады, деп хабарлады paryz.kz, holanews.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекеттік хатшы мәлімдемесінде бейбіт тұрғындардың бостандығын шектеу, қамау, күштеп стерилизация жасау, азаптау, діни көзқарасы мен пікір айту құқығын шектеуге қатысты өз пікірін білдірген.

"Біз Қытайдың ұйғыр халқы мен Шыңжаң-автономиялық аймағындағы мұсылмандарға қарым-қатынасына ерекше назар аударып отырмыз. Геноцид әлі жалғасып жатыр деп санаймын және Қытай коммунистік партиясының тікелей бақылауымен ұйғырларды жоюға жүйелі түрде талпыныстар жасалып жатқанына куә болып отырмыз", - деді ол.

Сондай-ақ, Майк Помпео барлық халықаралық ұйымдар мен соттарды Қытайдың мұсылмандарды қудалауына шара қолдануға шақырды және Вашингтон алдағы уақытта Пекинге осы мәселе бойынша қысым жасай беретінін мәлімдеді.