22.01.2021, 11:20

Қытайдан қашып келген Мұрагер Әлімұлын белгісіз біреулер пышақтап кетті

Заңгердің сөзінше, Қазақстанға Қытайдан қашып келген Қастер мен Мұрагерге елде уақытша тұру куәлігі берілген.

Қытайдан қашып келген қандас Мұрагер Әлімұлын пышақтап кетті. Екі жерінен пышақ жарақатын алған Мұрагер Әлімұлы ауруханаға ауыр жағдайда түскен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Бұл жайтты заңгер Ләззат Ахатова растады.

Мұрагер бұған дейін де өзін белгісіз біреулердің аңдып жүргенін бірнеше рет туыстарына ескерткен екен. Қастандық 21 қаңтарда түнгі сағат 23:00 шамасында жасалған.

«Мұрагердің әпкесі Нұргүлге хабарласып едім, пышақталғаны, қастандық жасалғаны рас екен. Өзін біреулердің аңдып жүргенінен секемденіп, бос жүрісті азайтып, сақ жүрген. Қоянды ауылындағы әпке-жездесі інісін қасына алған еді. Қараңғыда арт жағынан келіп пышақ салыпты. "Өлдім жезде, тез жетіңдерші" деп айтып үлгерген. Оқиға туыстарының үйіне қонаққа барып, қайтып келе жатқанда болған, екі жігіт соққыға жығып, пышақтап кеткен. Әпкесі Нұргүлдің сөзінше, қазір оның өміріне аса қауіп төніп тұрған жоқ», - деді Мұрагердің бұрынғы адвокаты Ләззат Ахатова.

Заңгердің сөзінше, Қазақстанға Қытайдан қашып келген Қастер мен Мұрагерге елде уақытша тұру куәлігі берілген. Жуырда Қазақстанның азаматтығын алуы тиіс.