04.08.2016, 02:38

Лондонда пышақпен қаруланған күдікті бір адамды өлтіріп, бесеуін жаралады

Лондонда пышақпен қаруланған қылмыскердің шабуылынан кейін бір адам қаза тауып, тағы бесеуі жараланды деп жазады BBC News.

Оқиға Лондон орталығындағы Рассел-Скверде сәрсенбінің кешінде орын алды.

Көшедегі кездейсоқ тұрғындарды белгісіз ер азаматтың пышақтап тастағаны туралы ақпарат жедел жәрдем қызметіне жергілікті уақытпен кешкі сағат 22:33-те келіп түскен. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер 6 адамның пышақ жарақатын алғанын анықтады. Көп ұзамай ауыр жараланған әйел ауруханаға жетпей қайтыс болды.

Басты күдіктіні тәртіп сақшылары сағат 22:39-да қолға түсірген. Оны ұстау үшін полицейлерге тоқ ұратын қару қолдануға тура келді.

Әзірге қылмыстың себеп-салдары анықталып жатыр. Полициядағылар мұны теракт болуы мүмкін екенін жасырмайды.