30.01.2021, 19:45

БАҚ: Геленджиктегі сарай Путинге арнап салынған, оған Назарбаев та сыйлық берген

Фото: ашық дереккөзі
Медузаның" хабарлауынша, Ресей президенті мұнда жеке өзіне берілген сыйлықтарды сақтайды.

Ресейдің Краснодар өлкесіндегі курорт-қала Геленджиктегі «Путин сарайы» аталып кеткен ғимарат пен оның маңайындағы нысандардың барлығы Ресей президенті Владимир Путин үшін салынып жатыр. Мұны «Медуза» онлайн-басылымына берген сұхбатында «сарай» құрылысшыларының өздері айтып берген. Олардың сөзіне сенсек, Путин Идокопас мүйісіне бірнеше рет барып та кеткен, деп жазады Азаттық Радиосы.

 

Басылымға сұхбат берген адамдардың бірі резиденция аумағында теңдесі жоқ 16 қабатты бункер орналасқанын айтады. Алексей Навальныйдың зерттеуінде бұл нысан туралы мәлімет берілмейді. Бұған қоса «сән-салтанатты сарайда» шатқалды басты нысанмен жалғап жатқан құбырлар және «бассейнге арналған теңіз суы сақталған резервуар» бар делінеді.

«Медузаның» хабарлауынша, Ресей президенті мұнда жеке өзіне берілген сыйлықтарды сақтайды. «Оған [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаев бөренеден жасалған үлкен жаппа сыйға тартқан! Оны Краснодардың қоңыздары бір жылда жеп тастады: күзде қойып, бір жыл өткен соң алып тастады» дейді сайт тілшісіне сұхбат берген Михаил есімді адам.

Mash телеграм-арнасы 29 қаңтарда «сарайда» түсірілген видео жариялады. Олардың айтуынша, бұл видеоны «техникалық қадағалау» қызметінің өкілі берген. Кадрдағы көрініске сенсек, ғимарат сыртынан қарағанда дайын сияқты көрінеді, ал ішінде әлі біраз құрылыс жүруі керек. Бөлмелері әрленбеген, коммуникация жүргізілмеген. Бөлмелерде құрылыс материалдары жатыр.

«Путин сарайы» туралы Ресейдің мемлекеттік «Россия 1» телеарнасы да сюжет түсірген. Жұма күні жариялаған видеода бұл нысан «құрылысы бітпеген апарт-отель» деп сипатталады. Телеарна әрлеу жұмыстарын көрсетіп, бір құрылысшының қысқа пікірін берді. Ол нысанды «нөмірлері, ортақ аймағы және бассейні бар қонақүй» деп атайды.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың «Путин сарайы» туралы зерттеуі Youtube желісінде 19 қаңтарда жарияланған. Содан бері ол 102 миллиондай көрілім жинады. Зерттеу авторлары Путинге арнап салынды деген бұл зәулім ғимараттың құны 100 миллиард рубль (1 млрд 300 млн доллардай) болуы мүмкін деген болжам айтады. Нысан орналасқан ауданда ұшуға тыйым салынған және қатаң күзет қойылған. Путин бұл нысанға қатысы жоқ екенін, оның әлдебір компанияларға тиесілі екенін айтты.