04.08.2016, 03:38

Сәбиін қоқысқа тастаған студент қыз алимент төлейтін болды

Жезқазған қалалық соты баласын қоқыс контейнеріне тастап кеткен 18 жастағы студент қызды алимент төлеуге міндеттеді. Ай сайын ол 1 айлық есептік көрсеткішінің (АЕК) төрттен бір бөлігін баласына беріп отыруы тиіс. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады деп жазады "Диапазон" порталы.

Биыл бір айлық есептік көрсеткіш 2121 теңгені құрайтындықтан, жас ана ай сайын алимент ретінде тек 530 теңге ғана төлейді.

Басылымның хабарлауынша, студент қыздың үстінен сотқа арызды Балалар үйінің басшылары түсірген. Сот бұл талап-арызды толықтай қанағаттандырып отыр. Көкек ана бала кәмелет жасына толғанға дейін алимент төлеп отырады.

Естеріңізге салайық, биыл 17 мамыр күні Жезқазғанға жақын орналасқан Кеңгір ауылындағы қоқыс контейнерінен жаңа туған сәби табылған болатын. Баланың жылап жатқан дауысын кездейсоқ куәгерлер естіп, дереу жедел-жәрдем қызметін шақырған. Абырой болғанда, дәрігерлер аса ауыр халдегі сәбидің өмірін өлімнен арашалап қала алды. Анасы оны дәретхана қағазына орап, дыбысы шықпас үшін аузына да қағаз тығып кеткен екен.