Астананың төрінде тұрған Қазақстанның басты туын күтіп ұстау "A&K Company" ЖШС-не сеніп тапсырылды. Бұл қызметі үшін аталған компания тек 2016 жылға 38,78 миллион теңге алады. Есіл аудандық әкімдігінің Мемлекеттік сатып алулар порталында өткізген байқауынан нәтижесі осындай.
Құжаттарға сәйкес, байқау арқылы өткізілген мемлекеттік сатып алу орындалмаған. "Мұнан кейін электронды сатып алу әдісі арқылы бір терезеден келісімге отыру туралы шешім қабылданды. Келісімшарт "A&K Company" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен түзілді", - делінген байқаудың хаттамасында.
Egov порталының мәліметтеріне сүйенсек, аталған ЖШС 2014 жылдың 20 наурызында заңды түрде тіркелген. Компания негізінен электротехникалық және монтаждау жұмыстарымен айналысады.
Есіл аудандық әкімдінің өкілдері бұған дейін 38 миллион теңгенің көп емес екенін айтқан болатын. Өйткені, Астананың ауа райы үнемі құбылмалы болғандықтан, қаланың орталығындағы үлкен ту жиі жыртылып кетеді дейді шенеуніктер.