07.02.2021, 01:15

«Жерді сатуға да, жалға да бермеуіміз керек!»: Мұхтар Тайжан жер жайлы сұрақтарға жауап берді

Фото: instagram.com/mukhtar.taizhan
"Жерден айырылсақ, мемлекеттен де айырыламыз!", - дейді ол.

Интернет-конференция жауаптары. Спикер: саясаткер, 2016 жылғы Жер комиссиясының мүшесі - Мұхтар Болатханұлы Тайжан.

- Биыл желтоқсанда Жер кодексінің кейбір баптарына жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Осыған дейін президент Тоқаев: «Жер шетелдіктерге сатылмайды», деп бірнеше мәрте айтты. Бірақ, «жалға берілмейді», деген жоқ. Соңғы Үкімет отырыстарының бірінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер экономикаға пайдаланылуы керек дегенді айтты. Сонымен, биыл мораторий аяқталады, әрі қарай не болмақ?

- Дұрыс айтасыз. Біз осы мәселені жылдар бойы айтып келеміз. Ең басты мәселе ол – мерзім. Өйткені биыл өзіңіз айтып отырғандай, мораторий мерзімі бітеді. Жақсы, сапалы Заңды дайындау үшін ең кемінде екі-үш ай уақыт керек. Сосын ол Заңды қабылдату үшін тағы 4-5 ай уақыт керек. Процедура солай. Алдымен Үкіметте талқыланады, «Минфинға», «Минэкономикаға» жіберіледі. Олар қанша қаржы жұмсалатынын т.б. есептейді. Қысқасы, үлкен процедура.

Ал бізде уақыт өте тығыз болып тұр. Демек, саяси шешімді қазір қабылдауымыз керек. Міне, ақпан басталды, наурыз айы мейрамдармен өтіп кетеді. Сосын Парламент жазда, шілде мен тамызда екі айға демалысқа кетеді... Ал, қарашаға дейін, яғни, қазан айында бұл Заң қабылдануы керек. Президенттің өзі солай деп отыр. Демек, жұмыс қазір басталуы керек. Ол үшін – Жер комиссиясы қазір, жылдам құрылуы керек! Ол комиссияға тек қана депутаттар, Үкіметтің, Саяси партиялардың өкілдері ғана емес, қоғам өкілдері де кіруі міндетті!

Жерді сатуға да, жалға да бермеуіміз керек!

- Жер мәселесі жөніндегі комиссия 2016 жылы да құрылды. Ол жалпыхалықтық митингтерден кейін мәжбүрлі түрде жасалды. Оған 75 адам мүше болды. Сол кездің өзінде Жер комиссиясының құрамына халықтың көңілі толған жоқ десе де болады.

Президент Тоқаевтың сөзінен ұққанымыз: Бұл комиссия жаңадан құрылмайды. Құрылған комиссия жұмысын қайта жандандырады. Демек, сол бұрынғы комиссия қайтадан жинала ма, әлде басынан қайта құрыла ма?

- Меніңше, комиссия құрамы өзгереді. Ескі құраммен қалмауы керек! Осы бес жылда біраз кадрлық өзгеріс болды ғой. Сол комиссияда болған кейбір депутаттар қазір Мәжілістен кетті. Министрлер ауысты. Президент ауысты. Сондықтан, менің ойымша, бұл жолғы комиссияға Мәжіліске жаңадан барған адамдар, Үкіметтегі жаңа министрлер кіреді. Ол дұрыс деп есептеймін. Бірақ, комиссия құрамына Тәуелсіз сарапшылар мен мамандар да мүше болуы тиіс!

Рас айтасыз, Президент не деді? «Шетелдіктерге жер сатылмайды», деді. Жалға беру туралы ешбір сөз айтылған жоқ. Біз жерді жалға да бермеуіміз керек!

Марғұлан Сейсембай секілді, кейбір азаматтар: «Заңды тұлғада 49 пайыз ғана шетелдіктердің үлесі болса, оларға жерді жалға беруге болады», дейді. Ал, біздің ұстанымымыз мүлде басқа: Үлесі 49 түгілі, 0,1 пайыз болса да, мұндай заңды тұлғаның кез-келгеніне жерді жалға беруге болмайды! Ол тек біздің емес, халықтың ұстанымы деп білемін. Біз осы мәселеге қатысты 2016 жылғы комиссияның отырысында қатты дауласқанбыз. Прокуратура және Әділет министрлігі: «Шетелдіктердің үлесі 49 пайыздан аспайтын болса, ондай заңды тұлғаға неге бермеске», деді. Бұл өте қауіпті позиция. Оған қарсы шығуымыз керек.

Мысалы, Алмасбек Садырбаев Қазақстандықтарға жерді жеке меншікке сатуды қолдап отыр. Ол: «Мен қойшымын. Неге қазақтарға, Қазақстан азаматтарына жерді жеке меншікке бермеске», дейді.

Біз бұған да қарсы болуымыз керек. Жасыратыны жоқ, 2016 жылы біздің ең басты мақсатымыз – жерді шетелдіктерге, әсіресе, қытайлықтарға бермеу болды. Қазір, тіпті Қазақстан азаматтарына да жерді сатуға болмайды! Егер біз өзіміздің Қазақстан азаматтарына жеке меншікке бере бастасақ, онда жер бірнеше әулеттің, бірнеше қалталы отбасының қолына өтеді. Мәселе сонда!

Жерді сақтап қалу үшін – сапалы Заң керек!

Мен мысалы, бай болып, бірнеше мың гектар жерді сатып алам. Ал мен кеткеннен кейін, менің балам жермен айналыса ма, жоқ па, екіталай әңгіме! Ол басқа саланы таңдауы мүмкін. Ал жер бәрібір менің отбасымның меншігінде қалады.

Сол секілді, кейін жергілікті халық жермен айналысуы үшін жалынып-жалпайып, жаңағы латифундиске барып, игерілмей, бос жатқан жерді субарендаға алуға мәжбүр болады. Сондықтан, біздің ұстаным басқа болуы керек! Жермен кім айналысып жатыр? Нақты сол ауылда тұрасың ба, нақты жермен айналысасың ба? Дәлелде! Содан кейін ғана барып, мемлекеттен сол жерді тек жалға ал, пайдалан, қызығын көр. Ол үшін 49 жыл мерзім жеткілікті! 49 жыл – бір адамның өмірі десе де болады. Сосын ол жерді мемлекетке қайтар! Басқа бір Қазақстан азаматы алып, игерсін. Міне, біздің мақсатымыз осы болуы керек.

Кейбіреулер: «Капитализм заманында бизнес жасап, инвестиция құю үшін міндетті түрде жеке меншік болуы керек», дейді. Ол далбаса әңгіме! Мысалы, Қытайда жеке меншік жоқ. Бірақ, дамып келеді. Израильде де жеке меншік жоқ. Олар да бір адамның қолына жерді жеке меншік етіп бермейді. Капитализмнің отаны дейтін – Ұлыбританияда да барлық жер мемлекеттің қолында. Сен жалға алып, пайдаланасың, қызығын көресің, бірақ сосын мемлекетке қайтарып бересің!

Біз жерден айырылып қалсақ, мемлекеттен де айырыламыз! Дәл осы жерде, біз бір рет жеңілсек, онда мемлекеттің болашағы жоқ болады. Қазіргі таңда, жер бетінде 7 мың ұлт бар екен. Оның небәрі 200-інде ғана мемлекет бар. Сол 200-дің ішінде біз бармыз. Құдайға шүкір, ата-бабаларымыздың арқасында жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында тұрмыз. Біз осындай бақытты ұлтпыз. Енді осы жерді біз сақтап қалуымыз керек! Ол үшін – сапалы Заң керек!

Жер жанашырлары түгел комиссия құрамына кіруі керек!

- Жер комиссиясы құрылатын болса, оның құрамы нақты қанша адам және кімдер болуы керек?

- 50 адамнан аспауы керек деп ойлаймын. 75 адам деген тым көп. Олардың әрқайсына сөз беретін болса, күні бойы отыра береді. Алдыңғы комиссияның алғашқы отырысы солай болды ғой. 7 сағат сөйледік...

Ал кімдер болуы керек дегенге келсек, Еркін Рақышев, Геройхан Қыстаубаев, Рүстем Әшетаев, Айдын Егеубаев, Мақсат Ілиясұлы т.б. бар... Біз былайғы өмірде бір-бірімізге көзқарасымыз қандай екені маңызды емес. Жеріміз ортақ, мақсатымыз бір. Сондықтан, комиссия құрамына осы жер жанашырлары түгел кіруі керек деп есептеймін.

- Бұл қоғам өкілдерінен. Ал, депутаттық корпустан кімдерді лайық деп атайсыз?  

- Сенатор Ақылбек Күрішбаев деген кісі бар. «Нұр Отанның» мүшесі. Бірінші комиссияда бірге жұмыс істедік. Бұрын министр болды, ректор болды. Өзі ғалым адам. Өте сауатты. Жерге жаны ашиды.

Сосын, «Ауыл» партиясының жетекшісі Әли Бектаев мырза бар. Ол кісі де комиссияға кірсе жақсы. Ол да маман адам. Өмір бойы ауылшаруашылығы мәселесімен айналысып келе жатыр. «Ақ жолдан» Берік Дүйсембинов деген азамат бар. Үш партияны айттық па?..

«Адалдан» Мақсат Толықбай бар. Бірақ, Алмасбек Садырбаев кіретін болса, (ол да кіре берсін, бірақ оның ұстанымы жерді жеке меншікке сату) онда біз ертең дауласамыз... Әр партия өзі шешеді ғой... Айтпақшы, «Адалдан» Абзал Құспан әріптесіміз мүше болса дұрыс-ақ. Ол – заңгер. Жер мәселесімен бізбен бірге айналысып келе жатыр. Ол да бұл мәселені білетін адам.

Тағы бір айта кететінім – қазір жерді кім сатқысы келеді? Жерді сату кімге тиімді? Әрине, жері бар – латифундистерге тиімді. Өйткені, 15-20 жыл бұрын сол жерлерді тегін алып алды да, енді олар монетизация жасағысы келеді. Яғни, олардың мүдделері – сол жерді ақшаға айналдыру.

Ал, латифундияға қарсы біздің ұсынысымыз: Біріңғай аграрлық салық енгізуіміз керек! Сонда ғана бос жатқан жерлер латифундистерге пайда әкелмейді, керісінше, шығын болады. Өйткені жерді игересің бе, жоқ па, бәрібір салық төлеп отырасың.

Біз былтыр космомониторингті заңдастырдық. Енді 1 қаңтардан бастап бүкіл Қазақстандағы жерлерді бақылап отыруға болады.

Космомониторинг адами факторды жояды!

- Қазір қолданыста пилоттық жоба бар ғой. Сол космомониторинг қазірге дейін қанша жерді бақылап отыр?  

- Рас, былтыр (2020 жылы) ол пилоттық жоба болды. Өйткені тәртіп сондай. Соның өзінде космомониторинг 4 облыста жұмыс істеді. Олар: Ақмола, Қостанай, Маңғыстау мен Шығыс Қазақстан облыстары. Бір жылдың ішінде осы төрт-ақ облыстан 8,3 млн. гектар игерілмей, бос жатқан жерлер анықталды. Оның 4,3 млн. гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мұндай нәтиже бұрын болмаған. Мен үнемі айтып жүрген космомониторинг осы. Жерді бақылаудың басқа жолы жоқ, өйткені адами фактор бар. Жергілікті әкімшіліктер, жер комитеттері, жер инспекторлары т.б адами факторлар бар жерде коррупция қатар жүреді. Олар жерлес болған соң, бір-біріне жат емес, бір-бірінің танысы, туысы т.б. болып шығады. Ал, космомониторинг сол адами факторды араластырмайды. Тек алгоритм ғана.

Тағы бір үшінші мәселе – ол игерілмей, бос жатқан жерлердің салығын 20 есеге дейін көтеру. Біз былтыр Ұлттық кеңес арқылы енгіздік, мен бастамасында болдым. Қазір осы ұсыныс орындалды. Бос жатқан жерлердің салығын 20 есеге көбейтті. Заң ретінде қабылданды. Бұл да латифундистерге қарсы әрекет болды.

Сосын жерді беру процессі. Жерді беру процесі де қазір адами факторға келіп тіреледі. Жерді кім алатынын, кім алмайтынын қазір комиссия шешеді. Бұл жерге де цифровизация керек! Ол да цифрлық алгоритм бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана, біз жемқорлықты жеңе аламыз.

Ашық кадастр керек!

Мұрат Қойшыбайұлы: Жеріміздің көпшілігі осыдан 20-25 жыл бұрын сатылып немесе жалға беріліп кетпеді емес пе? Ауылшаруашылық жерлері 50 жылға жалға берілді, оның иесі бар, ол өлсе баласына, одан ары немересіне қалады. Кейбір латифундистер ондаған, тіптен жүздеген мың гектар егістік немесе жайылымдық және шабындық жердің иесі. Жер астындағы пайдалы қазбалардың көпшілігі шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға берілді. Енді осылардың бәрін қалай қайтармақпыз. 

- Ол үшін біз жер кадастрын ашып беруіміз керек. Жер кімнің қолында екенін көпшілік білуі керек. Егер жерді алған адам оны пайдаланбаса, мемлекетке қайтару қажет. Егер мына кісі айтқандай жерді басқа адамдарға субарендаға беріп отырса, онда субарендаға беріп отырған адамды алып тастап, жұмыс істейтін адамға мемлекет тікелей беру керек. Субарендаға қатаң тыйым салып, ортада делдал болмағанын қадағалаған жөн. Себебі, субаренда да латифундизмнің бір түрі.

Бірақ, бүгінгі жер туралы Заңда субаренданың алдын алатын тетіктер жоқ, өкінішке орай. Қазіргі Заң латифундизмге жол беріп отыр. Негізі жерді пайдаланбасаң, субсидия ала алмайсың деген талап болу керек. Өзі жұмыс істемей, қалада отырып алып жерді өзгелерге жалға беріп отырғандар не үшін субсидия алу керек? Жұмыс істемейтіндерге субсидия берілмесін деген ұсынысты бұрыннан айтып келеміз. Қазір мұндай тетіктер жоқ. Соны енгізуіміз керек. Оны біз ашық кадастрдың арқасында жасай аламыз.

Бекбол: «Түбегейлі шетелдіктерге ғана емес шенеуніктерге де жалға беруге немесе сатып алуларына қарсымын».

- Негізі шенеуніктер Заң бойынша бизнеспен айналыса алмайды. Бірақ, туыстары арқылы жасырын істейтіндер бар. Оны анықтау үшін тағы да ашық кадастр керек. Сонда ғана қай шенеуніктің қандай туысы қай жерді иеленіп жүргенін білеміз. Мысалы, Ауылшаруашылығы вице-министрі Сапаров Айдарбектің інісі Солтүстік Қазақстан облысында екі-үш жыл бойы бірнеше есе көп субсидия алып, ауылшаруашылығымен айналысып жүрген. Мұны «Архитектор будущего» жігіттері анықтады. Олардан басқа да құжаттар жарияланды. Туған ағасы субсидия берудің тетіктерін анықтайтын қызметте отыр, ал інісі субсидия алып отыр. Бұл қаншалық дұрыс? Құзырлы органдар осыған баға беруі керек.

Макс Боқаевты жер комиссиясына кіргізу керек!

Шындық: Бес жылдан бұрын өткен «Жер комиссияның» бір отырысында Дос Көшімнің керемет сөзі ел есінде қалған: «Билік әлі Макс Боқай мен Талғат Аянға мүсін орнатады!». Белгілі болғанындай билікке абақтының аржағынан Макс Боқай өзінің саясаттан бас тартпайтынын анық айтты. Сол Макс Боқайдың бостандыққа шығу күні «Жер мораториясының» мезгілі аяқталуымен бір келіп отыр. Осыған байланысты менің қояр сұрғам: Батыр Боқай мырзамен қол ұстасып бірлікте Жер фронты құруды қолға алмайсыз ба?

- Біз Максты міндетті түрде қарсы алуымыз керек. Атырауға бармасақ та, Facebook секілді әлеуметтік желілерде қарсы аламыз. Макс Боқаевты жер комиссиясына кіргізу керек. Ол абақтыдан шықты, енді жер комиссиясына қосылса қуанар едім. Біздің күшіміз көбейе түсер еді. Жер үшін жазықсыз отырып шықты. Егер билік халықтың талабын тыңдамай, жерді сатып немесе шетелдіктерге жалға бергісі келсе, онда біз майдан ашамыз. Макспен бірге, жоғарыда өзім атаған басқада азаматтармен бірге қарсылыққа шығамыз. Жерді Қазақстан азаматтарына да жеке меншікке сатуға қарсымыз.

Daulet: Мұхтар-жан, саған жерді ұрылардан сақтау үшін партия немесе қоғамдық қозғалыс ашу керек. Алматыдан басталса жақсы болар еді. Жалғыз сен не істей аласың?

- Құрметті, Дәулет мырза, мен жалғыз емеспін. Формалды түрде ұйымымыз болмаса да, мені жақтаушылар көп. 2013 жылы үш рет осындай ұйым құруға талпынып көрдім. Бірақ, түрлі сылтаулармен оған мүмкіндік берген жоқ. Сол кезде бермеген мүмкіндікті қазір де бермейді. Уақыты келгенде партия да құрамыз, сайлауға да қатысамыз. Бірақ қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ оған қарамастан жұмыс жасау керек. Мысалы космомониторинг жұмыстарын ешқандай партиясыз-ақ жасадық. Ешқандай ұйымсыз ардагерлер туралы заңды да қабылдаттық.

Ауыл баласы: 1.Отыз жыл босқа кеткен жылдар деп есептейсіз бе? 2. Қазақстан жемқорлық жайлаған ел екендігі белгілі, сол елде ауылшаруашылығы дамиды дегенге сенесіз бе?

- Қазақ халқы өте еңбекқор, дарынды халық. Мүмкіндік берсек болды, жұмыс істеп кетеді. Қаншама жастар, жас отбасылар малмен айналысқысы келеді. Оларға жер беруіміз керек. Малмен айналысудың пайдасы мол. Біздің елде өсірілген малдың еті шетелдерде жақсы өтеді. Жеріміз кең-байтақ, жайылымдық жерлер көп. Егер сол жерлерді босатып, ауылдағы халыққа беретін болсақ, осы малдың арқасында-ақ, өте жылдам байып кетуге мүмкіндігіміз бар. Оның табысы мұнайдан да артық.

Бекбол: Әр қазаққа ең болмағанда 10 сотық жер қашан беріледі? Өмір дегенің өтеді де кетеді. Жиған-тергенге мүмкіндігінше үй салу, ағаш отырғызу көптеген адамға әлі арман. Бірақ Үкімет тарапынан жер берілсе барлығы шешіледі.

- Мен де жер үй салар едім, мәселе жерде емес, инфрақұрлымда болып тұр. Не су, не жарық жоқ, мектеп, балабақша салынбаған айдаладан берген 10 сотық жер ешкімге керек емес. Сол үшін жер қалалардың маңынан немесе үлкен ауылдардың маңынан керек. Сол үшін билік инфрақұрлым мәселесін шешу керек. Заң бойынша әр Қазақстан азаматы он сотық жер алуға құқылы. Бірақ әр адамға он сотық жер беру керек деген ойдан арылуымыз керек. Себебі Қазақстанда 18 миллион халық бар, оның әрқайсысына 10 сотық жерден берсек, қаншама жер керек, қаншама инфрақұрлым керек? Мысалы үшін жыл өткен сайын тағы да балалар дүниеге келеді, соның бәріне  10 сотық жерден керек болады. Осылай жалғаса беретін болса, түбінде жеріміз жетпей қалады. Адам өскенмен, жердің өспейтіні анық.

Жер кодекісі ең ескірген Заң!

Рауан Нурахметов: Жер кодексінен жалға алынған жерлерді кепілге қою құқығын беретін бапты алып тастау керек. Құрылтайшысында шет ел азаматтары бар немесе 5 жыл көлемінде шет ел азаматтарының қарамағында болған заңды тұлғаларға жерді жалға беруге тиым салу керек. Латуфиндистер монополия құрып жатыр, халықта, кіші шаруашылықтарда жер алуға мүмкіндік жоқ, ірі шаруашылық мекемелері мен кіші қожалықтарға бөлек бағдарлама, бөлек конкурстар өткізу керек...

- Бұл жігіт өте дұрыс ұсыныстар айтып отыр. Сол үшін бізге жаңа Заң керек. Жер кодексі өзгелермен салыстырғанда ең ескірген, заманнан қалған – 2003 жылы қабылданған. Ол кезде заман басқа болатын, цифрлы технология жоқ. Қағаз жүзіндегі жұмыстар мен қазіргі цифрланған жұмыстарды салыстыруға да келмейді. Сол үшін жер қатынастары да цифрлы жүйеге көшуі керек. Сонда ғана адами факторлардан арылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады. Сонда ғана латифундистерге жол жабылады. Мына азамат ұсынған мәселелер де шешіледі. Мұнда да ашық кадастр керек. «Жер кепілде тұр ма, шетелдіктерге субарендаға берілді ме», осының бәрін көріп отыруға болады. Қазір осының бәріне мүмкіндік беретін технологиялар бар.

Мен космомониторингті өз қолыммен жасаған жоқпын, дайын технологияларды алдым да, соны заңдастыруға үлес қостым. Ешқандай қағазды қажет етпейтін, цифрлы технологиялардың күшімен жұмыс істейтін сайттар бар. Сол сайттар арқылы тұстас Қазақстан картасын бір сәтте көруге болады. Енді осыған жаңағы жерлер кімнің қолында екенін көрсететін ақпаратты қосуымыз керек. Ол үшін Заңды өзгерту керек. Сонда жер туралы барлық ақпарат сізге де, бізге де ашық болар еді. Міне, заманауи технологияның күші осында.

Бірақ біздің Жер кодексі осы заманауи технологияға сай емес. Біздің жер туралы Заң қағаздық жұмысқа негізделген, жаңа технологияларды қолдануға кедергі келтіріп отыр. Біз зорға дегенде космомониторингті енгіздік. Соның арқасында қаншама мәселелер шешіліп отыр. Егер тұтастай жаңа технологияларға сүйенсек, жерімізде тәртіп орнатылар еді. Жер пайдаланушының қанша малы бар, қанша субсидия алып отыр, қанша адамға жұмыс беріп отыр деген секілді мәліметтері қол жетімді болады. Ашық кадастр дегеніміз осы.

А/ш министрлігі латифундистердің ықпалында жүр

- Бес жыл бұрын жарияланған мараторий мерзімі биыл бітеді. Осы бес жыл ішінде үкімет, ауылшаруашылық министрлігі даулы жер кодексін неге түзетіп немесе өзгеріс енгізіп болған жоқ?

- Өйткені олар латифундистердің ықпалында жүр. Ал латифундистер жаңа жер Заңына қарсы. Олар жерді сатқысы келеді. Өйткені олар үшін жер – ақша. Сол үшін олар Алмасбек Садырбай деген секілді жігіттерді жіберіп, маған кедергі жасайды. «Мұхтар қалада өскен, қазақ тілін акцентпен сөйлейді», деген секілді сөздерді шығарып, тиіскен болады. Олар мені қаралап, «жер қазақтарға керек», деп ұрандап жүр. Бірақ олардың мақсаты жерді жеке меншікке алу. Бұған жол берсек, ұтыламыз. Халық жерсіз қалып, жер санаулы ғана адамдардың қолына өтеді. Мұндай ахуал Чили, Аргентина секілді елдерде болған. Олар жеке меншікке жол ашты да, қарапайым жастар жер жоқ болғандықтан қалаға ағылды. Қалада жұмыс таппаған жастар қылмыскерге айналды. Осының бәрі жер жоқтықтан келіп шыққан мәселе.

Руза: Еш жер сатылмауы керек, жалға да берілмеуі керек! Тек қана ауылшаруашылығы мақсатындағы емес... Көп жерде қытай қаптап, мектептер ашылып жатқаны, үрей тудырады! Керекуде де қаптап жүр, мұнай өңдеу зауыты естуімше солардікі, шемішке өңдеу зауыты/цехы, тіпті тілдік орталықтар, дүкендер? «Гав. па рюзки», деп бұйрық та беріп қояды! Олардың 1 мегаполисіндей халқы жоқ елімізге төнген нақтылы қауіп! Ал осыларға өндіріс ашуға, жатағын қосқанда, инфрақұрылымдық жерлер берсе қазақты сан орап қаптап кететіні сөзсіз ғой?

- Бұл жерде жердің мәселесі емес. Өйткені қытайлар келеді де завод, қонақүй секілді мекемелерді сатып алады. Олар мыңдаған гектар жерлерді сатып алып жатқан жоқ. Шемішке шығарса, қытай мейрамханаларын ашса, біз оларға қалай кедергі жасаймыз. Тек ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер ғана мыңдаған гектар болады, сол үшін мен ауылшаруашылық жерлерін ғана айтып отырмын.

Мынадай бір мысал айтуға болады. Вьетнам мемлекеті Қытайдан сескенеді, олардан қорғануды көздейді. Бірақ тікелей «қытайлықтарға жер сатпаймыз» деп айта алмайды. Сол үшін олар Заңға «егер қандай да бір елдің картасында Вьетнам жері сол елдікі деп көрсетілген болса, сол елдің азаматына Вьетнамда ештеңе сатылмайды», деп жазған екен. Ал Қытай паспортындағы картаға Вьетнаммен даулы териториялар енген екен. Сол үшін де Қытай паспортымен Вьетнамнан жер түгілі, пәтер де сатып ала алмайды. Вьетнам тікелей айта алмайтын шектеуді осындай тәсілмен енгізіп отыр. Руза апай көтерген мәселе жер мәселесі емес, сол үшін оған қазірше жауабым болмай тұр. Бірақ, Вьетнам жайлы мысалды айттым. Біз де «қытайларға завод сатпаймыз, қонақүй сатпаймыз» деген ережелер енгізе алмаймыз. Сол үшін Вьетнам секілді тиісті тетіктерді табу керек.

- 2016 жылы азаматтар Үкіметке жеті талап қойған. Ол:

1. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және жарғылық қорында шетелдіктер үлесінің бір пайыз болса да, жерді сатуға және жалға беруге тиым салынсын.

2. Жер учаскелерін шетелдіктермен және азаматтығы жоқ адамдармен аралас некеде тұрған Қазақстан азаматтарына/азаматшаларына жерді сатуға және жалға беруге тиым салынсын.

3. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарына жеке меншікке беруге тиым салынсын.

4. Шекаралық белдеуде орналасқан ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскілерін сатуға және жалға беруге тиым салынсын.

5. Шекаралық белдеуде орналасқан Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскілерін бір адамға 500 гектардан артық беруге және ол адамға өзге өңірден жер беруге тиым салынсын.

6. Мазарлар мен молаларға жақын (радиусы 5 км.) жерлерді жалға беруге тыйым салынсын.

7. Елді мекендер маңындағы жайылымдық және шабындық жерлерді (радиусы 15км.) жалға беруге тыйым салынсын.

- Есімде. Талаптың барлығы орынды. Тек бұл жерде әр аймақта әртүрлі көлем болуы керек. Өйткені 500 гектар Түркістан облысы үшін тым көп. Мысалы, Түркістанда 100 гектар жері бар адам өте бай адам деп есептеледі. Ал, бидаймен айналысатындарға Солтүстік Қазақстанда 500 гектар дегеніңіз түк те емес. Сондықтан әр аймақтың ерекшелігіне қарай нормалары болуы керек. Сондықтан бұл да ақылдасатын жайт. Ол әр ауылға сай болуы керек. Бірақ, принцип дұрыс. Бұл ұсыныстардың барлығын үстел басында шешуіміз керек.

- Тағы бір мәселе - бұл біздің Байқоңырдан ұшатын Ресей зымырандарының қалдықтары құлап жатқан жерлер... 

- Біз полигондарды 2013 жылдан бері көтеріп келеміз. Бірақ, бұл жерлер Халықаралық келісімшарттар бойынша берілген. Ол да бізге Заң болып есептеледі. Өйткені, Халықаралық келісімшартпен берілген жерлер тек қана сол келісімшарт негізінде қайтарылады. Сондықтан біз әрине, Үкіметтен талап етуіміз керек. Полигондардың көлемін азайту немесе мүлдем жауып тастау үрдісі, шынын айтқанда жүріп жатыр.

Мен полигондармен 13 жылдан бері айналысып келем. Тайсойған, Ембі сынды полигондар қазір қатты азайып немесе мүлдем жабылып қалды. Қазір бізде Сарышаған деген полигон жұмыс істеп жатыр. Ол да көлемін азайтқан екен. Бірақ, істеп жатыр. Әрине, Ресейдің немесе кез-келген елдің полигондарын жауып тасау қажет. Бірақ, ол мына Заң бойынша шешілмейді. Ол тек қана Халықаралық келісімшар бойынша жасалады.

- Сіз жаңа: «Мәселелердің барлығы үстел абсында шешілуі керек», дедіңіз. Сол комиссияға Сізді де кіргізбей жатыр дегенді өзіңіз жаздыңыз...

- Бұл нақты ақпарат. Оны маған іште жүрген адамдар айтты. Көреміз, енді. Ол шындыққа жатпайтын болса, жақсы-ақ. Онда неге Сапархан Омаров маған хабарласып, айтпайды немесе комментарий жазбайды. Яғни, ол шынымен де солай боп тұр.

- Комиссияны құрумен айналысатын – Сапархан Омаров қой...

- Иә, жауапты министр сол.

- Қалай ойлайсыз, қазіргі тұйыққа тірелген мәселені шешуге Омаровтың шамасы, мүмкіндігі жете ме?

- Меніңше жер комиссиясының деңгейі А/ш министрлігінің деңгейінде болмауы керек. Ол Үкіметтің немесе Президенттің қасындағы комиссия болуы керек. Өйткені жер мәселесі тек бір министрліктің ғана деңгейі емес. Жер – жалпыұлттық мәселе. Біз осы Жер комитетін жер қатынастары бойынша агенттік жасауымыз керек. Ол тікелей Президентке бағынуы керек. Өйткені бұл жерде ықпалды күштер көп. Жер комитетінің төрағасы Гүлжаһан Бимендина. Маман ретінде жақсы кісі. Бірақ, саяси салмақ жетпей жатыр. Ол түгілі, Сапархан Омаровтың өзінде салмақ жоқ. Сондықтан, бұл агенттік Президенттің қасынан құрылуы керек.

- Мүмкін Омаров мүдделі емес шығар?

- Бәлкім. Солай да болуы мүмкін. Мүмкін ол латифундистердің сөзін сөйлеп жатқан шығар?..

- Бір кезде сіз министр Омаровты дебатқа шақырдыңыз...

- Шыққан жоқ. Оның орнына маған қарсы Алмасбек, Талғаттарды жіберді. Мен министрді дебатқа шақырып отырмын,  ал, олар: «Сен алдымен бізбен дебатқа шық» дейді. Мен шықтым ғой, ал енді министр неге шықпайды?

- Егер министрлік Сіздерді айналып өтіп, өздері қоғам өкілдері жоқ комиссия құратын болса, ол қаншалықты заңды болады? Ондай жағдайда 2016 жылғы оқиғалар қайталануы мүмкін бе?

- Бізді кіргізбесе, біз нақты әрекетке көшеміз. Ортақ майдан ашамыз. Басқа амал жоқ. Бәрібір біз бұл Заңға жол бермейтін боламыз және халық бізді қолдайды деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп, пікірлескеніңізге көп рахмет!

- Сіздерге де рахмет!

Abai.kz