Қоғамда салмағы бар айтыскер ақындардың бірі Балғынбек Имашев Qasqa Jol Youtube арнасына берген сұхбатында елбасының атқарған еңбектерін елеп-ескеру керектігін айтты. Тіпті, ол кісіге Түркіменбасшы Сапармұрат Ниязовтікіндей етіп алтыннан ескерткіш орнатса да болатынын меңзеді, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.
"Елбасымыз тақыр жерге мемлекет құрды. Анау Керей-Жәнібектен бастап, хандарымыздың әрқайсысының орны бар. Бір кезде таланған, алданған, қырылған, амалдың жоқтығынан біреудің бодандығына өткен шығармыз. Бірақ хандарымыздың ешқайсысына топырақ шашпаймыз. Әрқайсысы Алла тағдырына жазып қойған тарихи миссиясын орындап кетті. Ал елбасының үлкен миссиясы - қазақтың етек-жеңін жиып, бұрын-соңды болмаған шекарамызды шегендеп бекітіп, сыртқы саясатымызды қалыптастыруы", - деген пікірде Балғынбек Имашев.
Оның айтуынша, қазір бір елшілік құру және бір елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату да оңай емес. Сондықтан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей, Қытай сынды алпауыт мемлекеттердің ортасында отырып, Қазақстанды әлемге танытқан еңбегі өлшеусіз екен.
"Астананы Ақмолаға көшіріп бергенінің өзі үшін ол кісіге алтыннан ескерткіш қойса, артық болмайтын еді. Сапармұрат Ниязовқа қойып қойды ғой... Бірақ ол ескерткішті қоюды мақұлдамаймыз ғой енді. Өлгеннен кейін де қоюды мақұлдамаймын. Бірақ сондай лайықты еңбек деп бағалаймын өз басым", - дейді ақын.