14.02.2021, 01:39

Жапонияда 7.3 магнитудалы жер сілкінісі болды (ВИДЕО)

Цунами қауіп төніп тұрған жоқ.

Жапонияның солтүстік-шығысында Фукусима префектурасы аумағында жергілікті уақыт бойынша 23:08-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 20:08) 7,3 магнитудалы жер сілкінісі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Japan Times-ке сілтеме жасап.

Жер сілкінісінің кіндігі ел астанасынан солтүстікке қарай 220 км қашықтықта Тынық мұхитында орналасқан, ошағы 60 км тереңдікте. Жер сілкінісінің ең қатты сезілген жері - Фукусима мен Мияги префектурасы, онда жапондардың 7 балдық өлшемімен алғанда 6+ балл жер сілкінісі сезілген. Токиода 4 балл шамасында болған.

«Онагава» және «Фукусима-2» атомэлектрстансасында штаттан тыс жағдай тіркелмеді және радиация таралған жоқ. Цунами қауіп де төніп тұрған жоқ. Жекелеген өрт оқиғалары жайлы және кей жерлерде топырақ көшкені туралы деректер бар. Уақытша Синкансэн электрпойыздары тоқтатылды.