Мемлекет басшысы Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізу барысында құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдарын үйлестіруді жолға қоюды тапсырды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
– Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айрылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты Үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет. Оның міндеті ішкі істер органдарындағы, қаржы мониторингі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі реформаларды үйлестіру, барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін жақсартудың жаңа тәсілдерін іздестіру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бақылаушы органдардың қызметкерлеріне «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығы туралы айтты. Онда азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге үлкен мән берілгенін ескертті.
– Прокуратура органдарына жыл сайын тұрғындардан өте көп арыз-шағым келіп түседі. Соңғы үш жылдың ішінде 650 мыңға жуық шағым берілген. Әрбір арыздың артында адам тағдыры, ондаған, тіпті жүздеген адамның мүддесі тұр, – деді Президент.