Жуырда ғана салтанатты түрде ашылған Түркістан әуежайы қаңырап бос қалуы мүмкін. Себебі, халықаралық деңгейге көтерілеміз деген «Әзірет Сұлтан» әуежайына тіпті отандық «СКАТ» пен «Қазақ Эйр» әуекомпаниялары да ұшып-қонудан бас тартты, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Негізінде Түркістан әуежайынан үш әуекомпания ұшырылатын. Оның ішінде «Қазақ Эйр» мен «СКАТ» бар. Өкініштісі, «СКАТ» пен «Қазақ Эйрге» сұраныс аз болды.Олардың борты жартылай және 42 пайыз көлемінде толады. Ал «Флай Арыстандікі» – 92-100 пайыз. Сол себептен уақытша ұшырылмайды», - деді Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.
Түркістанға қатынаудан бас тартқан қос әуе компанияның да билет бағасы қымбат. Сондықтан жолаушылар арзан әуе компаниясын таңдайды екен. Жолаушы аз, шығын көп болған соң, әуе рейсін мүлде тоқтату туралы шешім қабылданыпты. Оның үстіне қаңтар айында ауа райы қолайсыздығынан оннан астам рейс ұшырылмаған.
«Әзірет Сұлтан» әуежайы 69 миллиард теңгеге салынып, жылына 3 миллион жолаушы қабылдайды деп жоспарланған. Тіпті туристер нөпірі көбейіп, Түркістаннан, Мекке мен Стамбулға әуе рейстерін ашу көзделген. Алайда екі ай бұрын ашылған әуежай шетелдіктер түгілі, отандық жолаушыларға да қажет болмай қалды.