Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағын емге жұмсау және қаржы компанияларына басқаруға беру ережелерінің әлі дайын еместігін айтып, мемлекеттік органдарда қызметтік тергеу жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутат үкімет зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана мәселесін шешуге жұмсау ережелерін бекіткенін, соның арқасында қазақстандықтар шоттағы ақшасын үй сатып алуға немесе ипотекасын өтеуге алып жатқанын атап өтті.
"Алайда, президенттің тапсырмасы мен заң нормалары тек жартылай ғана орындалып отыр", – деді Жамалов денсаулық сақтау министрі мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасына жолдаған депутаттық сауалында.
Ол азаматтардың зейнетақы жинағын емделуге алу ережелері әлі күнге дейін қолданысқа енбегенін айтты.
"Білуімше, қазір бұл бұйрық әділет министрлігінде қаралып жатыр. Барлық рәсім сақталған жағдайда ережелер тек наурыз айында күшіне енеді. Ал министрлік өкілдері бұған дейін талай рет уәде берген еді. Жалпы менің бір байқағаным шенеуніктерге уәде беру оңай. Адамдар зейнетақы жинағын ауыр сырқаттарды емдеуге жұмсайды деп жоспарланған еді. Министрлік азаматтар үшін бұл өмірлік маңызы бар мәселе екенін түсінбегені ме? Олар біздің басты байлығымыз – адамдардың денсаулығына қатысты. Әлде парламент әр министрлікке заңнамалық актіні әзірлеп, бекіту керектігін үнемі ескертіп тұруы тиіс пе? Бұл олардың тікелей функциясы", – деп ашуланды мәжілісмен.
Сондай-ақ, зейнетақы жинағының бір бөлігін басқарушы компаниялардың сенімді басқаруына беруге болады. Жекеменшік компаниялардың тізімін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеуі тиіс. Алайда, депутаттың сөзінше, бұл реестрдің қайда екенін ешкім білмейді.
"Денсаулық сақтау министрлігі мен қаржы нарығын реттеу агенттігінен зейнетақы жинағын пайдалану туралы заң нормаларын іске асыру бойынша барлық қажетті актіні қысқа мерзімде қабылдауды сұраймын. Сондай-ақ, құжаттарды әзірлеуге және келісуге жауапты мемлекеттік қызметкерлер арасында қызметтік тергеу жүргізіп, тәртіптік жауапқа тартқан жөн", – деді депутат.
Оқи отырыңыз: "Бәріміз бір қазақтың баласымыз": ең жас депутат өзін сынағандарға жауап берді
Бұдан бөлек, Жамалов болашақта заңнамалық актілерді әзірлеуді көздейтін заңдарда оларды қабылдаудың нақты мерзімін белгілеуді ұсынды.