Кәсіпкерлерге мобильді қосымша арқылы аударылатын ақшаға салық салынады. Үкімет салықтан жалтаратын бизнесті толығымен қадағалауды көздеп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов мәлімдеді.
"Кәсіпкерлерге тұтынушылардан банктің мобильді қосымшасы арқылы түсетін ақша аударымдарының фискализациясы мәселесін шешуге ерекше назар аудару қажет. Қазір біз қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі жақсы қарқынмен дамып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ, біздің алдымызда салық төлеуге міндетті кәсіпкерлердің қызметіне толығымен салық салу міндеті тұр", - деді ол қаржы министрлігінің алқа отырысында.
Бұл ретте Смайылов қазіргі таңда қазақстандық кәсіпкерлерге берілген салық жеңілдіктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, вице-премьер азаматтарға арналған тегін "Е-Salyq Azamat" мобильді қосымшасын белсенді жарнамалауды тапсырды.
"Биыл кәсіпкерлер үшін "Е-салық-бизнес" ақпараттық жүйесін іске қосу өте маңызды. Ол кәсіпкерлерге оңай тіркелуге, салық төлеуге және есепті автоматты режимде тапсыруға мүмкіндік беруі тиіс", - деді Смайылов.