Иен далада екі күн бұрын жоғалып кеткен жасөспірімді тапқан учаскелік полиция инспекторы оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Polisia.kz.
16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 14 ақпанда қыстақтардың бірінен 16 жастағы жасөспірімнің шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен. Аталған ақпарат түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының толық кешенін ұйымдастырып, барлық күштер мен құралдарды баланы іздеуге жұмылдырды. Ата-анасымен сөйлескен полицейлер олардың баланы екі күн бойы өздері іздегенін, алайда іздеу шаралары нәтиже бермегенін анықтады. Полицейлер бірнеше топқа бөлініп, екі күннен бері хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен.
Іздеу шараларына Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жунусбеков те жұмылдырылған. Учаскелік полиция инспекторы тұратын ауыл бала жоғалған Ақтау ауылынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан.
Учаскелік полицей іздеуге үш топтың автокөліктермен аттанғанын, ал ол өзінің серігі Жаңаарқа ауданының ПБ уақытша ұстау изоляторының қызметкері Ками Ускенбаев екеуінің атпен шыққанын жеткізді.
«Ол жерлер таулы-тасты болғандықтан атпен іздеу оңайырақ болды. Біз баланың ата-анасының үйінде болғанда олардың қаншалықты үміт үзгенін көрдік, олар тану үшін баланың киімінің қалдығын немесе мәйітін табуды сұрады. Далалы жерде қасқырлар бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірідей табу мүмкін еместей көрінген еді. Іздеу жұмыстары таңғы уақытта басталды. Кей жерлерде аяқ киім іздері кездесті, бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, ол ауыл тұрғындарының ізі болуы әбден мүмкін еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляжды киім кигендіктен, іздеу жұмыстары қиындай түсті», – дейді Ж. Жунусбеков.
Ауа райы да баланы табу жұмысын қиындатқан, күн аязды әрі желді болғанын айта кету керек. Түнде ауа температурасы өте төмен болғандықтан уақыт тығыз еді.
«Атпен жүріп, оны айғайлап шақырдық. Бірақ даусымыздың жаңғырығы ғана естіліп тұрды. Серігіміз екеуміз әрбір тасты, шөмелені зерттедік, баланы байқамай қалмайтынымызға сенімді болуымыз керек еді. Кеш батып келе жатты, күн батқаннан кейін мұнда іздеу мүмкін емес болатын. Байланыс болған жоқ, бағдарымыздан жаңылдық, алайда қараңғы батқанша іздеуді жалғастыра бердік. Тасты жерде жүру аттарға қиын болды, біз аттан түсіп, кездескен шөмелені тексеруге бардық. Сол жерде оның күртешесін көрдік», – деді учаскелік полицей.
Жұбаныш Жунусбеков сол сәтте жүрегінің атқақтай соғып кеткенін есіне алады. Жақындап келгенде баланың тірі екенін байқаған. Жасөспірім ызғарлы желден ықтасын іздеп, тастардың арасында жатыр екен.
«Біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқыладық, атын атап жаттық. Бала үнсіз жатты. Ол шок жағдайында еді, себебі біздің кім екенімізді, оны қалай тапқанымызды түсінбей тұрды. Алғашқы жарты сағатта оған бір ауыз сөз де айтқыза алмадық. Ол қорқып тұрды. Артынан ол бізді елес деп ойлағанын айтты», – дейді Жұбаныш.
Жасөспірім өзінің далада адасып қалғанын және айналшықтап ұзақ жүргенін айтты. Ол тек түнде ғана шаршағандықтан әрі тоңғандықтан шөмелеге кіріп жылынбақшы болған, алайда оған жан-жақтың бәрінен қасқырдың ұлығаны естіліп тұрған. Ол жабайы аңдардан қорқып жүре берген және жақын арада өз бетімен үйіне жете алмайтынын тез түсінген.
«Ол есін жиған кезде жылап, погондарымды сипалап, рахмет айта бастады. Мен нысанды киім-кешекпен жүрген болатынмын және оны тапқан кезде оған погоным мен арқамдағы «Полиция» деген жазбаны көрсетіп, өзін іздеп жүргенімізді түсіндірген едім», – дейді учаскелік полиция инспекторы.
Табылған баланы атқа мінгізіп, олар тездетіп ауылға бет алған.