24.02.2021, 11:20

Ержан Бабақұмаров Алматының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді

Кеңесте қалалық кардиологиялық және онкологиялық орталықтардың басшылары тыңдалды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық денсаулық басқармасының, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының басшылығы мен қызметкерлерінің, сондай-ақ қаланың медициналық ұйымдарының бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнеконференция байланыс арқылы кеңес өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медициналық ұйымдарды мамандармен қамтамасыз ету деңгейі, ана мен бала өліміне, онкологиялық аурулардан және қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімге қарсы күрес бөлігінде мегаполистің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Алматыда 74 мемлекеттік медициналық ұйым, 13 республикалық және 90 жеке меншік, 1383 алғашқы медициналық-санитарлық көмек учаскесі жұмыс істейді. 6046 дәрігер және 12969 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау жүйесі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі халықтың медициналық қызметтерге қанағаттануы болып табылады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 5%-ға артып, 54,3%-ды құрағанына қарамастан, пациенттер медициналық қызметкерлер тарапынан болатын дөрекілікке, тегін дәрі-дәрмектердің болмауы немесе беруден бас тарту, тіркеуден бас тарту, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, ауруханаға жатқызудан бас тарту фактілеріне шағымдануды жалғастыруда. Мұндай кемшіліктер №4, 8, 11, 12, 17 емханаларға және №7, 4, 2 қалалық ауруханаларға қатысты, осы мәселелерге медициналық ұйымдардың басшылары назар аударды.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров медициналық ұйымдар деңгейінде «алтын сағат» ішінде пациенттермен туындайтын инциденттерді жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар, бас дәрігерлер медициналық қызметкерлерді коммуникациялық дағдыларға үйретуді ұйымдастырып, медициналық қызмет көрсету стандарттарын сақтауы керек. Бұл ретте, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберіндегі қызмет пен көрсетілетін қызметтер туралы барлық ақпарат медициналық ұйымдардың сайттарында жариялануға тиіс.

Медициналық қызметтердің сапасы кәсібилік деңгейіне және кадрлармен жасақталуына тікелей байланысты. 2020 жылы мамандар тапшылығы 30%-ға қысқарды. Медициналық қызметкерлер кадрларының жетіспеушілігін толтыру мақсатында Ержан Бабақұмаров медициналық ұйымдарды мамандармен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамын қалыптастыруды және әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын «жол картасын» әзірлеуді, медициналық қызметкерлерді, оның ішінде сала мамандарын даярлауға гранттарды ұлғайтуды тапсырды.

Ана мен бала денсаулығын қорғауға қатысты Алматыда өткен жылы жүктілік мерзімі 12 аптаға дейінгі 44818 әйел есепке алынды, бұл 82%-ды құрайды. Бақылаумен ерте қамту жүктілік пен босану кезіндегі мүмкін болатын асқынуларды болжауға мүмкіндік береді, әртүрлі қауіптерді азайтады.

Кеңес барысында перинаталдық буынның барлық кезеңдерінде жұмысты ұйымдастыру бойынша менеджменттегі кемшіліктер айтылды. Осыған байланысты, ана мен бала өлімін азайту мақсатында қала әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров жүктілікті бақылаудың барлық деңгейлеріндегі өзара іс-қимылды күшейтуді, бақылау және босанғаннан кейінгі кезеңде МСАК патронаждық қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.

Онкологиядан болатын өлім-жітімнің алдын алу мақсатында халықтың тәуекелшіл іс-әрекеттерін төмендету бойынша профилактикалық жұмыс күшейтілетін болады. Қан айналымы жүйесі мен тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту жөніндегі шаралар шеңберінде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру нығайтылуда, рентген және КТ-суреттердің бірыңғай дерекқорын құра отырып, АТ-технологиялар енгізілуде, кардиологиялық қызмет күшейтілуде, емдеудің озық әдістері енгізілуде.

Кеңесте қалалық кардиологиялық және онкологиялық орталықтардың басшылары тыңдалды. Мәселен, онкоорталықта соңғы 3 жылда емдеумен қамту 80%-ды құрады, 2020 жылы қамту 96%-ға дейін ұлғайды, нәтижесінде алдағы жылдары өлім-жітім деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жедел әрекет ету және шұғыл жоғары білікті көмек көрсету мақсатында медицина саласындағы үздік қалалық және республикалық мамандардан тұратын мобильді топ құрылатын болады.

Қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері, Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшин медициналық ұйымдардың аумағында санитарлық талаптардың сақталуын және госпитальдық эпидемиологтардың біліктілігін арттыруды күшейтілген бақылаудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ қалалық филиалының басшысы Т.Әбілдаев дәрілік препараттар қоймасы аудитінің қорытындысын шығарды. Бүгінгі таңда 31 млн бірлік дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар бар, бұл қала қажеттілігінің екі айлық қорынан асып түседі.