Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің халыққа есеп беру кездесуінде электр жарығы өшіп қалған еді. Енді әлеуметтік желілерге оның жем-шөптің "орысшасын білмей қалғаны" тарап жатыр, деп жазды paryz.kz.
Орыс тілін жетік білетін әкім тұрғынның сұрағына жауап беру барысында мүдірместен сөйлеп келе жатады да, кенет сөзінің ортасын шолтаң еткізіп бір-ақ үзеді. Сосын сол жағындағы көмекшілеріне бұрылып:
"Жем... Жемді не дейді?.. Орысша..." - деп "сасқалақтайды".
Былай қарасаң, тәуелсіз Қазақстанда қазақ шенеунігінің орысша сөйлей алмауы әбестік емес. Алайда, Әйтеновтің халыққа есеп беру кездесуінде біресе жарық өшіп, біресе орыс тілінен "сүріне" қалуы - барлық БАҚ-та "хит болудың" жалғыз амалы болса керек. "Қиярға да пиар керек" дегендей, жем-шөп арқылы да атын шығаруға болатынын дәлелдегісі келген сияқты. Өйткені желі қолданушылар:
"Ол кісі Ресейде оқыған а так", "Жетісайдың мектебінде оқып, Шымкенттегі Суворовский мектепте білім алған", "Офицер ғой, военный" дегендей пікірлер қалдыруда.