Азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорларының жұмысы тиімсіз. Аталған мекеменің атына заты сай емес екенін үкіметтегілер алғаш рет мойындады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әсіресе құс еті, шұжық, ірімшік, балық, қант секілді жұрт жиі тұтынатын азық түрлерінің бағасы сәт сайын шарықтап барады. Оған сауда министрі Бақыт Сұлтанов Ақтөбе облысын мысалға келтірген еді. Алайда аталған облыс өкілдері министрдің сөзін жоққа шығарды.
Шенеуніктер бір-бірінің сөзін мойындамай жүргенде, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары нарыққа еш ықпал ете алмайтын хәлге жеткен.
Елдегі азық-түлік бағасының өсіміне жол бермей, қажет шағында керекті азықпен, көкөніспен қамтамасыз етуі тиіс болған тұрақтандыру қорларының күні таяғандай. Сауда министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, осы қорлар нарыққа небәрі 0,2 және 1,4 пайыз аралығында интервенция жасайды. Ықпалы аз болғандықтан, нарықтағы бағаны бірқалыпты ұстап тұруға қауқары жоқ. Оның себебі ретінде министр Ақтөбедегі жағдайды мысалға келтірді. Ондағы тұрақтандыру қоры қамбасын керексіз азыққа толтырған.
«Ақтөбе облысында 2020 жылы қанттың, қарақұмық жармасының, күнбағыс майының және жұмыртқаның бағасы едәуір өсті. Бұл ретте қорға бағаның шамалы өсуі байқалған көкөністер сатып алынды. Сондықтан тұрақтандыру қорларын тек тәуекелі жоғары импортқа тәуелді тауарларға ғана қаражат пен күш-жігерді шоғырландыру арқылы қайта қарау қажет деп ұсынамын», - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Осы олқылықтың кесірінен қаңтарда әлеуметтік маңызы бар азық түрлері тағы 2,4 пайызға қымбаттаған. Оған бір жағынан импорт пен экспорт та айтарлықтай әсер етіп отыр дейді министр Сұлтанов. Жалпы елде қазір 24 жарым мың тонна азық-түлік қоры жасақталған. Бірақ ол жеткіліксіз. Соның ішінде мысалға келтірілген Ақтөбе облысы министрдің сөзін жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бізде 2021 жылға 2 мың тонна көкөніс сатып алынды. Аталған күнбағыс майы, қант, жұмыртқа сынды азық түрлерін өндірушілердің өздері республика бойынша қымбаттатып жатыр. Бізде инфляция республикалық орташа көрсеткіш деңгейінде. Дегенмен қант пен қарақұмыққа шекті баға қойылды», - деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.
Сала мамандарына салсақ, мұндай қорлардың елге құр шығын әкелгеннен басқа пайдасы жоқ. Мәселен, осы тұрақтандыру қорлары елімізде сонау 2011 жылдан бері қарай жұмыс істеп келеді. Содан бері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар басшыларының арасында негізгі жұмысты ысырып қойып, ақша жымқырып, түрмеге қамалу белең алған дейді.
«Жыл сайын осы тұрақтандыру қорынан біреу түрмеге отырып жатыр. Өйткені онда келгендер ештеңе сатып алғысы келмейді. Ақшаны қалтаға басады да, тайып тұрады. Ол біреуге керек болғандықтан ғана жұмыс істеп жүрген сияқты. Одан басқа басыма ештеңе келіп тұрған жоқ. Бұл барып тұрған парақорлықтың ортасы. Ел-жұртқа одан келер пайда жоқ», - дейді сарапшы Кирил Павлов.
Бағаны өсірмеудің амалы ретінде құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық импорт қысқартылатын болды. Есесіне отандық өнімдердің көлемі арттырылады. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру үшін ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға берілетін субсидия көлемін көбейтуді көздеп отыр. 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, минералды тыңайтқыштарды қолдану және жоғары сапалы тұқым егуге берілетін субсидия арттырылады.