Жамбыл облысында басқарма басшысының орынбасары мемлекетке 51 миллион теңгеге жуық шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты басқарма басшысының орынбасары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекетке 51 млн теңге көлемінде залал келтірген.
«Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ширшинбаев 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол «Мойынқұм және Қордай аудандарындағы уран кен орындарының қалпына келтірілген объектілерінде қоршауды қалпына келтіру және ескерту белгілерін орнату» объектісі бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін орындалған жұмыстарды қабылдау актісіне қол қою арқылы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп күдікке ілінген. Осылайша ол мемлекетке 50 822 236 теңге көлемінде залал келтірді» делінген департамент хабарламасында.