$ 445.66  474.58  4.78

Нұр-Сұлтанда дәріханалар есірткі сатып жатыр (ВИДЕО)

Алайда жауаптылар әзірге қандай да бір шара қолдануға құлықсыз болып шықты.
Фото: inform. kz
Фото: inform. kz

Бас қалада психотропты препараттарды саудалайтын дәріханалар желісі анықталды, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап. 

Телеарнаның түсірілім тобы фармацевтердің есірткі заттарын еркін сатып жүргендерін өз көзімен көріп, камераға таспалап алған. Алайда жауаптылар әзірге қандай да бір шара қолдануға құлықсыз болып шықты. Сонда айласы әшкере болған кәсіпкерлерге әй дейтін ешкім жоқ па? Оларға қандай жауапкершілік көзделген?

"Арналарыңыздан сюжет шыққаннан кейін аталған дәріхана жабылған еді. Алайда арада көп уақыт өтпестен ол қайта ашылып отыр. Жас жігіттер есірткіге тәуелді болып жүр. Ешқандай бақылау жоқ. Кез келген адам келіп, есірткіні сатып алып, кете береді. Бұл медициналық препарат болғанымен, кәдімгі ескіртінің өзі. Заңсыз қызметтің жолын кесу керек", - дейді қала тұрғыны. 

Елорда тұрғынының айтуынша, оның достары психотропты заттарды пайдаланады екен. 

"Қаламыздың әр ауданында құрамында есірткісі бар препараттарды сатып жүрген он шақты дәріхана бар. Олар бұрын аз еді. Ал қазір бәрі жеңіл ақшаның соңынан кетті ме, қаланың әр бұрышында жаңалары ашылып жатыр", - дейді ол. 

Сондай-ақ телеарна тілшілері айтқандарын іс жүзінде тексеріп көру үшін Нұр-Сұлтанның бірнеше дәріханасына бақ сұғып көрген. Сюжетте көрсетілгендей, психотропты препараттар емін-еркін сатылып жатыр екен. 

"Министрліктен бізге бұйрық түсіп жатса, біз оны прокуратурада тіркейміз, яғни есепке аламыз. Содан соң субъектіге алдын ала хабарлама жіберіледі. Осы уақыт аралығында тексеру жұмыстарын жүргіземіз деп ескертеміз. Хабарландыру жіберіліп, прокуратура тексеруге рұқсат бергеннен соң ғана біз ол субъектіге бара аламыз", - деді Нұр-Сұлтан қаласы Медицина және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Молдиманова. 

Хабарда айтылғандай, былтыр елордада жүздеген субъектіге тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 2 заң бұзушылық анықталды. Тағы ескере кететін жайт, Ресей, Украина, Беларусь елдерінде құрамында есірткісі бар бұл дәрілерді сатуға мүлдем тыйым салынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары